Жошы хан кесенесі туралы мәлімет
Жошы хан кесенесі Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде Кеңгір өзенінің жағасында орналасқан. Ғимаратты 14-15 ғасырда ханның ұрпақтарының бірі тұрғызған деген болжам бар.
Жошы Сарыарқа даласын ерекше жақсы көретін, өз ордасын Ұлытау тауының маңында құрып, осы аймақты ірі әкімшілік және мәдени орталыққа айналдырған. Бірақ ханның жүргізген билігі ұзаққа созылмады. Оның нақты қандай жағдайда қайтыс болғаны белгісіз. Бір деректерде аурудан, ал басқаларында аң аулау кезіңде мерт болғаны айтылады.
Зерттеу жұмыстарын алғаш болып 1855 жылы Шоқан Уәлиханов бастаған. Кейін ғалымның жұмысын Әлкей Марғұлан жалғастырды. Мавзолейдің пішіні тіктөртбұрышты. Кесене қызыл кірпіштен қаланған, көк күмбезді және үшкір аркалы порталымен ерекшеленеді. Екі шетіндегі тесіктер арқылы ішіне жарық түсіп тұрады. Қабырғаларында оғыз, арғын, қыпшақ, найман, қаңлы және т.б. тайпалар қалдырған жазулар сақталған. Сыртқы периметрі бойынша өлшемдері 9,5х7,0м, ішкі периметрі 5,25х5,25м.
1946 жылы зерттеу барысында кесене ішінен екі қорым табылды. Бірінші қорымда ағаш табыттың қалдықтары, адам мен жануарлардың сүйектері, түйенің терісі, мата және жалау болды. Екіншісінде басқа кісінің қаңқасы, ағаш табыт, мата және тері қалдықтары сақталған. Түбі эпиграфиялық ою-өрнектермен безендірілген.
Кесене қазақ даласының мәдени, тарихи және әдеби мұрасы. 1982 жылдан бастап ескерткіш мемлекеттің қорғауында. 2000 жылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.