Мұнай өндірісінің экологияға әсері қандай?

Біздің ғаламшардың экологиялық жағдайы – қазіргі заманның ең өзекті проблемаларының бірі болып саналады. Мұнайды өндіру, тасымалдау, қайта өңдеу және пайдалану, адамзатқа үлкен пайда әкелгенімен, қоршаған ортаға кері әсерін тигізеді.

  1. Автомобиль өнеркәсібі біздің өмір салтымызды айтарлықтай өзгертті. Әлемдегі қолданыстағы көліктердің жалпы саны 1 миллиардтан асты. Бұл көлік құралдары күн сайын үлкен мөлшерде көптеген улы заттар шығарады. Ғалымдардың айтуынша, автокөлік қозғалтқыштарындағы жанармайдың толық жанбай қалған өнімдері, қалалардағы тұманның (смог) пайда болуына себеп болды. Бұл қала тұрғындарының денсаулығына қауіп төңдіреді.
  2. Мұнайды теңіз арқылы тасымалдау кезінде болатын апаттар, экологияға үлкен зияның тигізеді. Мұнай судан жеңіл болғандықтан, жұқа қабықша түрінде үлкен аумаққа таралады. Оның теңізге төгілуі, сүтқоректілердің, құстардың, бауырымен жорғалаушылардың және балықтардың жаппай қырылуына әсер етеді. Жыл сайын Дүниежүзілік мұхитқа әртүрлі себептермен 2-10 миллион тонна мұнай құйылады екен. 2010 жылы Мексика шығанағындағы «Deepwater Horizon» мұнай платформасында техникалық ақаулардың кесірінен қатты жарылыс орын алды. Нәтижесінде платформа батып кетіп, 75000 км² су беті тығыз мұнай қабықшасымен жабылған. Апаттың салдарынан жануарлар мен құстардың шамамен 400 түріне жойылу қаупі төніп тұр.
  3. Көптеген ғалымдардың пікірінше, мұнайды өндіру және пайдалану кезінде атмосфераға шығарылатын газдар, парниктік әсерді күшейтеді. Бұл газдар атмосфераның жоғарғы қабатында жиналу арқылы, планетаның температурасының жоғарылауына ықпал етіп, ғаламдық жылыну проблемасына әкеп соғады. Нәтижесінде, мұздықтар еріп, жердің едәуір бөлігін су басуы мүмкін.

Ұқсас: Баламалы энергия көздері (эссе)