Арыстан баб кесенесі туралы мәлімет

Арыстан баб – түркі әлемінің исламдануына үлес қосқан дін қайраткері, ғалым. Ол Қожа Ахмет Ясауидің рухани тәлімгері, аңыз бойынша Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабасы болған.

Фото: «Turkistan Tourism Center»

Тарихы

Кесене Түркістан қаласынан 60 шақырым жерде, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылының маңында орналасқан. Мұнда қажылыққа Орталық Азияның түкпір-түкпірінен адамдар келеді. Кесененің сәулетшісі – Қалмырза Мүсәпірұлы болды, оның есімі кіреберіс есігінің маңдайшасында жазылып тұр. 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауында.

Бұл сәулет ескерткіші күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Оның өлшемдері 35х12 м, биіктігі 12 м. Кесене дәліз, мешіт, кітапхана және мұнарадан тұрады. Ішінде Арыстан бабтың шәкірттері мен ізбасарлары жерленген. Сонымен қатар, көне қолмен жазылған Құранды тамашалауға болады. Мазардың жанында суы өте тұзды, емдік қасиетке ие құдық тұр.

Арыстан баб XII ғасырда қайтыс болып, Отырар маңында жерленген. Сол кезде бейітінің үстіне алғашқы кесене тұрғызылғанымен, бүгінге дейін сақталмады. XIV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен ғимарат жаңадан салынды. Бірақ, олда біздің уақытқа жеткен жоқ. 1909 жылы жер асты суларының әсерінен бұзылып, жергілікті тұрғындардың көмегімен қайта құрылды.

Ұқсас: Қожа Ахмет Ясауи туралы мәлімет