Үйсіндер туралы қысқаша мәлімет

Үйсіндер Орталық Қазақстанды мекендеген ең ежелгі тайпалардың бірі болып саналады. Астанасы Чигучэн – Ыстық көлдің жағасында орналасқан.

h

Ерте темір дәуірінде, сақ тайпаларының орнына, Жетісу аумағына үйсіндер келді. Олар шығыста ғұңдармен, ал солтүстік-батыста қаңлылармен шекаралас болды. Үйсіндердің этникалық құрамы әлі толық анықталған жоқ. Кейбір зерттеушілер оларды Шығыс Иран тайпаларына жатқызады, ал басқалары түркі халықтарының ата-бабалары ретінде қарастырады.

Билік мұрагерлік жолмен әкеден балаға беріліп отырған. Мемлекет басындағы патша – «гуньмо» деген атаққа ие болған, ал оның көмекшісі – «дуглу» деп аталып, атқарушы биліктің басшысы болды. Қытай тарихшыларының айтуынша, үйсіндердің саны 630 мыңға дейін жеткен.

Ежелгі деректерге сәйкес, бұл тайпалар көшпелі өмір салтын жүргізіп, мал шаруашылығымен айналысқан. Олар жылқыларды, қойларды, ешкілерді, түйелерді және есектерді өсірді. Әсіресе, жылқы мен қойдың саны басым болған. Жазды Тянь-Шань тауының етегінде өткізіп, қыста Мойынқұм мен Балқашқа көшіп отырған.

Ақтас елді мекеніне жақын жерде суландыру каналдары, қоладан жасалған орақтар, дәнүккіштер, тастан істелген құрал-саймандар және екпе өсімдіктерінің көптеген түрлері табылды. Бұл – үйсіндердің егін шаруашылығымен айналысқандығын дәлелдейді.  Олар алқаптарды өзендердің бойында орналастырып, суды арықтар жүйесі арқылы егістіктерге жеткізген.

Қолөнер кәсібі де жоғары дәрежеде дамыған. Темірден орау, пышақ, қылыш, жебе, қанжар жасаған. Түрлі-түсті тастардың көмегімен, моншақ, сырға және киімге арналған  әшекейлер істеген. Көп мөлшерде керамикалық ыдыстар өңдірген. Сондай-ақ, жүнді тоқуды, иіруді және өңдеуді жақсы білген. Тоқу үшін қарапайым тоқыма білдегін, ал жүнді иіру үшін үршікті қолданған.

Үйсіндердің сенімі бойынша, өлген адам қабірде қайта тіріледі. Сондықтан, адамның жанына оның өміріне қажет заттар қойылған. Мәйіт қорғанның ортасында, басы шығыс бағытқа қаратылып жерленген. Қорғандар көлеміне қарай үш топқа бөлінеді: үлкен, орташа және кішкентай. Археологтар қазба жұмыстары кезінде, үлкен қабірлерде көптеген алтын зергерлік бұйымдарды, қару-жарақтарды және қымбат киімдерді тапты. Ал, кішігірім қабірлерде, бір-екі балшық ыдыс пен темір пышақтар жатқанын байқады. Бұл қорғандарға қарап, олардың қоғамындағы әлеуметтік теңсіздікті көруге болады.

Ұқсас: Сақтар жайлы мәлімет