Тырна жайлы қысқаша мәлімет
Тырналар тұқымдасының 15 түрі белгілі. Қазақстанда 4 түрі мекен етеді: ақ, сұр, қара және қызылсирақ тырна. Саны аз болғандықтан, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Тырналар басқа құстардан: ұзын аяқтарымен, ұзартылған мойнымен және ұзын жіңішке тұмсығымен ерекшеленеді. Өмір сүру ұзақтығы түріне байланысты. Табиғи ортада 25-30 жыл өмір сүреді.
Сұр тырна — ең кең таралған түрі. Ол биіктігі 125 см, салмағы 4-5,5 килограммға дейін жететін құс. Олар қоныс аударатын құстардың қатарына кіреді. Күзгі мерзімде туған өлкелерін тастап, оңтүстік аймақтарға ұшып кетеді.
Бұл қанаттылар ешқашан ағаштарға қонбайды. Бұған себеп — аяқтарының ерекше құрылымы. Саусақтары қысқа болғандықтан, олар басқа құстар сияқты бұтақты ұстай алмайды. Бірақ, жерде өзін ыңғайлы сезінеді, сулы-батпақты және шөпті жерлерде оңай қозғалады.
Олар құрғақ шөптерді жалпақ үйіндіге жинап, жерге ұя салады. Ұяларын жасырын түрде, көбінесе тығыз бұталардың арасында орналастырады. Адамдардың тым жақын болуын ұнатпайды, сондықтан елді мекендерден және автокөлік жолдарынан алыс жерлерді таңдайды. Балапандары ұядан шыға сала, ата-анасының соңынан азық іздеп кетеді. Осыдан кейін, тырналар бұл ұяға қайтып оралмайды.
Қоректену мәзірі өте кең. Көктемде және жазда: ұсақ омыртқалылар, жидектер, ұлулар, батпақ өсімдіктерінің өскіндері, жәндіктер және құрттар құрайды. Күзде және қыста көбінесе егістіктерде қалып қойған дәнді дақылдармен (бидай, арпа, жүгері, бұршақ және т.б.) қоректенеді.
Тырналардың ең қорқынышты жаулары ірі жыртқыш құстар мен аңдар емес, ол — адамдар. Бөгеттердің салынуы және ормандардың кесілуі — сулы-батпақты алқаптардың тозуына әсер етуде. Сонымен қатар, егістік жерлерді кеңейту мақсатында, батпақты аймақтар құрғатылып жатыр.
Ұқсас: Тауыс құсы туралы мәлімет