Табиғат туралы тәрбие сағаты

Табиғат – тал бесігім

Мақсаты: табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімін ояту; оқушыларды экологиялық мәдениеттілікке баулу; табиғаттағы өзін-өзі ұстау ережелерімен таныстыру.

Әдісі: мақал-мәтел, викторина, жұмбақ.

Көрнекілігі: конверт, магнит.

Барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім оқушылардың түгелдігін тексереді.


II. Кіріспе сөз

Миллиондаған жылдар бойы, тіршілік иелерінің барлық түрлері қоршаған ортаға толығымен бейімділіп, табиғатта тепе-теңдік орнатылды. Егер бұл тізбектің кез-келген буыны жойылса, тепе-теңдік бұзылып, бүкіл тізбек ыдырап кетеді. Адамзат осы жағдайды ескермегендіктен, соңғы жылдары әлемдегі экологиялық ахуал күрт нашарлады. Бүгінгі сабақта, табиғатты қорғау қаншалықты маңызды екендігін қарастырамыз.

Тамылжыған табиғат –

Тіршіліктің тірегі.

Жоғалады жамиғат,

Соқпай қалса жүрегі. (Абдрахман Асылбек)


III. Негізгі бөлім

  1. Сабағымызды сұрақ-жауап викторинасынан бастайық.

Планетаның жасыл өкпесі (орман)

Қай құсты орман дәрігері деп атайды? (тоқылдақ)

Тыйым салынған аумақта аң немесе балық аулаған адам (браконьер, қаскер)

Жер шарындағы жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктердің тізімі қай кітапта жазылған? (Қызыл кітап)


2. Тақтаға назар аударсаңыздар, әріптері ауысқан сөздерді көре аласыздар. Бұл сөздерді қайта түзеп, орманда өсетін өсімдіктердің атауларын табуларыңыз керек.

йыңқа (қайың), мұрынит (итмұрын), шашыр (шырша), рағайқа (қарағай), мене (емен).

Енді, үстелдеріңде жатқан конвертті ашып, аталған өсімдіктердің суреттерін табыңыздар. Тақтада тұрған орманның суретін, осы өсімдіктермен безендірейік (магниттің көмегімен бекітіледі).


3. Табиғат туралы көптеген жақсы мақал-мәтелдер бар, келесі тапсырмада соларды жалғастыруларын керек.

Адамның табиғатсыз күні жоқ, (Табиғаттың оны айтар тілі жоқ).

Бір тал кессең, (он тал ек).

Адам мен табиғаттың тілдескені – (өмірдің үндескені).

Сулы жер құрақсыз болмас, (Таулы жер бұлақсыз болмас).

Көлдің көркі — құрақ, (Таудың көркі — бұлақ).


4. Жер бедерін алуан түрлі жануарлар мен құстар мекендейді. Мына жұмбақтарда осы тіршілік иелерінің атаулары жасырылған.

Адамға серiк,

Күзетке берiк.

(Ит)

Қорыққанда жел аяқ,

Отырғанда томардай-ақ.

 (Қоян)

Қалдырмай баласын бiр елi,

Қалтаға салып-ап жүредi.

(Кенгуру)

Кеудесi қайқандап,

Жүредi байпандап.

(Қаз)

Түнде жортады,

Жарықта қорқады.

(Жарқанат)


5. Келесі тапсырмада, жанды және жансыз заттарды анықтап, екі бағанға бөлулерін керек: ағаш, доп, алтын, бүркіт, дәрігер, тау, елік, телефон, жылқы.


6. Ормандағы тәртіп ережелерін кім біледі? Қол көтеріп, кезекпен-кезек жауап береміз.

  1. Орманда қоқыс қалдырма.
  2. Ағаш бұтақтарын сындырма.
  3. Гүлдерді жұлма.
  4. Орманда от жақпа.
  5. Айқай-шу шығарма.
  6. Құс ұясын бұзба.

Сізде табиғаттың бір бөлігі екендігін ұмытпаңыздар.

Ұқсас: Табиғат, экология туралы эссе