Шымбұлақ туралы қысқаша мәлімет

«Шымбұлақ» тау-шаңғылық курорты – белсенді демалысты ұнататын адамдардың сүйікті орны.

Ол Алматы қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан. Медеуге дейін автокөлікпен жетіп, ары қарай Шымбұлаққа гондолды көтергішпен көтерілуге болады. Ең биік нүктесі – Талғар асуына жету уақыты 35 минут.

Алғашқы трассалар 1954 жылы орнатылды. Бастапқыда аса танымал болмады, себебі тауға жаяу шығу шамамен 3 сағатқа созылатын. Демалыс орнының дамуына 2011 жылғы Қысқы Азия ойындары жаңа серпін берді. Жарыстың қарсанында, аспалы жолдар жаңартылып, шаңғы трассалары кеңейтілді.

Теңіз деңгейінен 2260 метр биіктікте орналасқан. Қар жамылғысының қалыңдығы – 1,5-1,8 метр. Климаты келушілер үшін өте қолайлы. Қыстағы орташа температура -7 градус, күн шуағы қатты аяздың өзінде жылу беріп тұрады. Шаңғы маусымы қарашаның ортасында басталып, сәуірдің басына дейін жалғасады.

Шымбұлақта кәсіпқойлармен қатар, жаңадан шұғылданып жүрген спортшыларға да арналған беткейлер бар. Әркім өз шеберлігіне сай бағытты таңдай алады. Мұнда шаңғы курортымен қоса, басқа да көптеген қызықты орындар бар, мысалы: құзға шығу, мұзға өрмелеу, треккинг және балаларға арналған ойын алаңы. Сондай-ақ, шаңғы мектебі орналасқан, балаларды 3 жастан бастап қабылдайды.

Ұқсас: Медеу мұз айдыны туралы мәлімет