Наурызым қорығы жайлы мәлімет
Қостанай қаласының маңында орналасқан Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы — еліміздің ұлттық байлығы болып саналады. Оның негізгі мақсаты — Солтүстік Қазақстанның далалық аймағының бірегей табиғи кешендерін, флорасын және фаунасын табиғи қалпында сақтап қалу.
1931 жылы құрылған қорықтың аумағы 191400 гектарды құрайды. 1951 жылы қорық жабылып, оның аумағында орман шаруашылығы құрылған еді. Бірақ, 1966 жылы билік өкілдері Наурызымның жұмысын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Табиғи кешенде 300-ден астам ірі көл бар. Климаты континенталды, қаңтардың орташа температурасы -17°С, шілденің +24,2°С.
Қорықтың басты қазынасы – қарағайлы ормандары. Олар үшінші және төртінші дәуірден бері өзінің бастапқы келбетін сақтап тұр. Флорасы өсімдіктердің 687 түрінен тұрады. Бұл аймақта: бүршікбас, қос ұялы қалақай, кәдімгі құлмақ, қызыл қайың, жебір, кәдімгі мойыл және қаракөк тал өседі. Кейбір түрлері Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Қорық аумағында омыртқалы жануарлардың 342 түрі тіркелген. Дәлірек айтқанда, аңдардың 44 түрі, құстардың 282 түрі, балықтың 10 түрі, бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділердің 3 түрі бар.
Бұл табиғи кешенде тиін, құлақты кірпі, қоян және дала суыры мекен етеді. Сүтқоректілердің ең ірі өкілдері – бұлан, елік және қабан. Аңдардан аққұлақ, қасқыр, ақкіс, саскүзен, қарсақ, түлкі және борсық кездеседі.
Наурызым жыртқыш құстардың көптігімен ерекшеленеді. Қыранның 4 түрі ұя салады: бүркіт, қарақұс, аққұйрық субүркіт, дала қыраны. Сондай-ақ, кәдімгі күйкентай, бөктергі, жағалтай, құр, құлақты жапалақ, қара кезқұрйық сияқты қанаттыларды кездестіруге болады.
Оның аумағында бірнеше туристік маршруттар жұмыс істейді, мұнда тек біздің елден ғана емес, сонымен қатар шетелден де туристтер келеді. 2008 жылы Наурызым және Қорғалжын қорықтары ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енгізілді.
күшті екен
Мәә күштіғой
Мен түк түсінбедім бірақ түсіндім