Ақсу-Жабағылы қорығы туралы мәлімет

Ақсу-Жабағылы – Орталық Азия мен Қазақстанның ең көне қорығы. Таулы аймақта орналасқандықтан, оның климаты континенттік. Орташа жылдық температура шамамен 6,7°C-ты құрайды, қыста -5,4°С, жазда +17,2°С.

Сурет qazaqstan3d.kz сайтынан алынды

Қорық 1926 жылы 14 шілдеде құрылған, жалпы ауданы 131 934 га. Ол Батыс Тянь-Шаньда, теңіз деңгейінен 1000-4280 метр биіктікте орналасқан. Ең биік нүктесі – Сайрам шыңы, бірақ жергілікті халық оны – «Ақтүйеөлген» деп атайды.

Бұл жерде – жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан көптеген түрлерін кездестіруге болады. Сүтқоректілердің 52 түрі тіркелген. Мұнда арқар, тау ешкісі, марал, елік, сілеусін, барыс, қасқыр, түлкі, аю және қарақұйрық мекендейді. Құстардың 267 түрі тіршілік етеді. Олар кекілік, ұлар, сұр шіл, дыркептер, бөдене және т.б.

Өсімдіктер дүниесі бай және алуан түрлі – арша, шие, қайың, Талас терегі, жаңғақ, пісте және т.б. шөптер мен бұталар өседі. Жапырақтарының ұзындығы 15 см-ге жететін әйгілі Грейг қызғалдағын да осы қорықтың аумағынан кездестіре аласыз.

Ақсу және Жабағылы – қорықтың негізгі өзендері болып табылады. Олар батыс бағытта ағып, Арыс өзеніне құйылады. Ақсудың ұзындығы – 120 км, Жабағылы одан екі есе қысқа.

Адамның көзі жетпейтін терең ойпатта, ежелгі адамдардың өмірі мен аңшылық көріністерін бейнелейтін көптеген жартас суреттері бар. Сондай-ақ, палеонтологиялық зерттеулер барысында, ғалымдар осы ойпаттан түрлі динозавралардың қалдықтарын тапқан.

Ең көрікті жерлерінің біріне – таңғажайып Көксай каньонын жатқызуға болады. Шатқалда шайқурай, хош иісті қызғалдақ, мыңжапырақ, түймедақ сияқты өсімдіктер бар.

Ұқсас: Тянь-Шань тауы жайлы мәлімет