Менің болашақ үйім (эссе)

Қазіргі уақытта, мен жанұяммен бірге қарапайым пәтерде тұрамын. Армандауға ешкім тиым салмайды, сондықтан, менің қиялымдағы үйім қандай болатынын сіздерге айтып кетейін.

Әр адам жылы және жайлы үйде өмір сүргісі келеді. Мен терезелері үлкен, бөлмері кең екі қабатты коттежде тұруды армандаймын. Үйімнің қала сыртында болғанын қалаймын, себебі мегаполистің шуын ұнатпаймын.

Бірінші қабатта ас үйі, қонақ бөлмесі және жуынатын бөлме болады. Кіреберісте ашық түсті кілем төселіп тұрады. Біз туыстарымызбен және достарымызбен жиі бас қосамыз, сондықтан қонақ бөлмесін мүмкіндігінше кең қылдырған дұрыс. Екінші қабатта жатын бөлмелері, кітапхана және балалар бөлмесі орналасады. Үй тапсырмаларын кітапханада орындайтын боламыз. Сосын балконға шығып, түңгілік уақытта тамсанып жұлдыздарға қарап отырамыз.

Үйдің аумағында көптеген ағаштар мен гүлдер отырғызамын. Аулада жаңа піскен жемістер мен жидектер өсіп тұратын үлкен бақшаның болғанын қалаймын. Сондай-ақ, бос уақытымды тиімді өткізу үшін спорт алаңын салар едім. Мұнда футбол мен волейбол ойнауға және тренажерлермен жаттығулар жасауға мүмкіндік жасаймын.

Әрине, мұндай үйде міндетті түрде ит болуы керек. Бұл жануар үйді күзетіп, маған және жанұя мүшелеріне жақсы дос болатын еді. Дегенмен, қауіпсіздік мақсатында сигнал жабдығын және бейнебақылау камераларын орнатуды жөн санаймын. Сонымен қатар, үй маңында автокөлік қоюға арналған гараж болуы тиіс. Гаражға көлік қана емес, әр түрлі заттарды сақтауға болады.

Ұқсас: Менің арманым (эссе)