Марқакөл қорығы туралы мәліметтер

Марқакөл қорығы – Шығыс Қазақстан облысында орналасқан, бай флорасымен және фаунасымен ерекшеленетін табиғи аймақ. Қорықтың жалпы ауданы 102 971 гектар.

Марқакөл қорығы үш қорғалатын аумақты қамтиды – көл, тау-орман, оңтүстік тау-орман. Бұл аймақта 5 биік таулы өсімдік шоғыры бар: шалғындық далалы, таулы-тайгалық, субальпілік, биік таулы және мәңгі қарлы. Ызғарлы климаттық жағдайларға қарамастан, мұнда көптеген жануарлар мекен етеді және 700-ден астам өсімдік түрі өседі.

Қорықтың фаунасы алуан түрлі. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, сүтқоректілердің 40-тан астам түрі мекендейді. Орманда қоңыр аю, қызыл қасқыр, бұлан, түлкі, қоян, бұлғын, сілеусін, тиін, қар барысы, құну, елік және ақкіс тіршілік етеді. Құстардан сұңқар, боз шағала, аққұйрық субүркіт, құр, тауқұдірет, үйректер және шілді атап өтуге болады.

Емдік қасиеті бар өсімдіктер көптеп кездеседі. Атап айтқанда, марал тамыр, алтын тамыр, тиынтақ, таушымылдық, бадан, жұпаргүл, шілтер жапырақты шайқурай, қаражидек және итбүлдірген өседі. Қазақстанның Қызыл кітабына енгендер: алтай рауғаш, мияжапырақ таспа, қызғалдақ және дала пионы.

Солтүстігінде Күршім, оңтүстігінде Азутау тауларымен қоршалған ойпатта орналасқан Марқакөл көлі – осы өңірдің нағыз інжу-маржаны. Көлдің суы таза және өте жұмсақ, бірақ оның басты байлығы – майқан (ускуч) балығы. Қазақстан бойынша, бұл балық осында ғана кездеседі. Аталған көл – Алтайдағы ең ірі суқоймасы болып табылады. Ұзындығы 38 км, ені 19 км, тереңдігі 27 м. Ертіс өзенінің негізгі саласы Қалжыр, осы көлден бастау алады.

Ұқсас: Ақсу-Жабағылы қорығы туралы мәлімет