Бесшатыр қорғандары жайлы мәлімет

Бесшатыр қорымы – ежелгі сақ тайпаларының рухани меккесі болған. Ол Алматы облысы, Іле өзенінің оң жағалауында, Алтынемел ұлттық паркінің аумағында орналасқан.

Сурет e-history.kz сайтынан алынды

Қазба жұмыстарын 50-жылдардың соңы – 60-жылдардың басында профессор Кемел Ақышев жүргізген. Ғалымдардың айтуынша, қорымдар б.з.д. VII – IV ғасырларда құрылған. Олар диаметрі 8-ден 70 метрге, биіктігі 2-ден 20 метрге дейін жететін 31 қорғаннан тұрады. Қорғандар солтүстіктен оңтүстікке 2 шақырымға, батыстан шығысқа қарай 1 шақырымға созылып жатыр. Бұл зираттарда патша әулеті мен ақсүйектер жерленген.

Ең ірі құрылым – Үлкен Бесшатыр қорғаны. Оның диаметрі 104 м, ал биіктігі 15-17 метрге жетеді. 20 шаршы метрді құрайтын жерлеу камералары – тас үйінділерінің астында жақсы сақталған. Қазба жұмыстары кезінде археологтар қанжарлар, ұштары қоладан жасалған жебелер, темір пышақтар, шаш қыстырғыштар және алтынмен безендірілген киімдерді тапты.

Зираттың маңында 45 тас дуал тізіліп тұр. Жергілікті тайпалар, бұл тастарға аңшылық пен күнделікті өмір көріністерін бейнелеген. Ең басты ерекшеліктерінің бірі – ол жерасты өткелдері. Алтыншы қорған астынан табылған жер асты өткелінің жалпы ұзындығы 55 м, биіктігі 1,7 метрді құрайды.

Өзінің монументтілігі мен күрделілігі бойынша, Орталық Азияда теңдесі жоқ құрылым. Бесшатыр кешені керемет әсер қалдырады, мұнда ежелгі сақ өркениетінің құдыретін көруге және сезінуге болады.

Ұқсас: Берел қорғаны туралы мәлімет