Атилла туралы мәлімет

Атилла (Еділ қаған) 20 жыл ішінде үлкен империя құрып үлгерген ғұн тайпасының атақты көсемі. Басқарған мемлекетінің аумағы: шығыста Кавказға, батыста Рейнге, солтүстікте Дания аралдарына, оңтүстікте Дунай өзенінің жағалуына дейін жеткен.

u

Ол 406 жылы қазіргі Венгрия мемлекетінің аумағында дүниеге келген. 433 жылы Руғила көсем қайтыс болғаннан кейін, ағасы Бледамен бірге ғұндардың билеушісі болып атанды. Кейінірек, ағасын өлтіру арқылы билікті өз қолына алып, империяны нығайту жолдарын іздей бастады. Осы уақытқа дейін ешкімге бағынбаған тайпаларды біріктіріп, мықты әскер құрды. 437 жылы Бургундия патшалығын тас-талқан етіп, Рим империясына қарсы соғыс әрекеттерін бастауға көшті.

Ол Шығыс Рим империясының билеушісі Феодосийді, жыл сайын үлкен салық төлеуге мәжбүрледі. Византия әскері қатарынан үш шайқаста жеңіліске ұшырап, Мидия, Фракия және Иллирия қалалары қиратылды. Ғұндар Константинопольдің шекарасына келіп тоқтаған кезде, Рим императоры басқыншыларға орасан көп сома беру арқылы өз халқын өлімнен аман алып қалды. Сондай-ақ, Дунайдың оңтүстігіндегі жерлер енді Атиллаға тиесілі болды.

Батыс Рим императоры Валентиан III, қарындасының қолын сұраған Атилланың ұсынысынан бас тартып, вестгот тайпасымен әскери одақ құруға бел буды. Ашуланған ғұн көсемі, 500 мың әскерімен батысқа қарай аттанды. Римдіктер өз туының астына, франк, сақ, вестгот және бургунд тайпаларын жинай алды. 451 жылы өткен қанды шайқаста ғұндар жеңіліске ұшырап, әлсіреген әскер Рейн арқылы Германияға оралды. Атилла бір жылдан кейін Италияға қайтадан шабуыл жасап, көптеген қалаларды қиратты. Бірақ, кенеттен өз жорығын тоқтатып, келіссөздер жүргізуге шешім қабылдады. Осы жолы да, римдіктер бейбітшілікті үлкен ақшаға сатып алды.

Еділ қаған 453 жылы үйлену тойынан кейінгі түнде, белгісіз себеппен қайтыс болды. Билеушінің қабірі әлі күнге дейін табылмады, өйткені оны жерлеген адамдардың барлығы өлтірілген.

Ұқсас: Күлтегін батыр туралы мәлімет