Жер планетасындағы қауіпті қалдықтар

Қалдықтар – технологиялық процесстен немесе тұрмыстық пайдаланудан кейін одан әрі қолдануға жарамсыз деп танылған заттар.

Ғалымдардың айтуынша, жер шарының әрбір тұрғыны жылына шамамен 1 тонна қоқыс шығарады. Жыл сайын 200 миллиардтан астам пластик бөтелкелер мен 58 миллиард бір реттік пластикалық стақандар қоқысқа тасталады.

Табиғи ресурстарды ұтымсыз пайдалану, техникалық прогрестің дамуы және халық санының көбеюі экологияның күрт нашарлауына әкеліп соқты. Қоршаған ортаның тұрмыстық қалдықтармен ластануы адамға ауа, су және азық арқылы әсер етуде.

Қабылдау пункттерінің жағдайы қанағаттанарлықсыз күйде. Тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату үшін ескірген әдістер қолданылады. Қоқыстарды қайта өңдеу зауыттарының жеткіліксіз болуы, әлемдегі ең өзекті проблемалардың бірі. Көму немесе өртеу сияқты әрекеттер тек зиян тигізуде. Қоқыс үйіндісі метан газын шығарып, планетамызға қауіп төндіретін парниктік әсерді тудырып жатыр. Қалдықтарды қайта пайдалану немесе экологиялық талаптарды бұза отырып көму, қоршаған ортаның қатты ластануына әкеліп, табиғатқа теріс ықпал етуде.

Азық-түлік – Орта Азиядағы ең көп таралған қалдық түрі, екінші орында – қағаз. Бірақ, соңғы жылдары пластмасса, полимер материалдары және электр құралдары сияқты қауіпті заттардың көлемі артты. Олар өте улы және жойылғаннан кейін де зиянды әсерін сақтап тұрады.

Қалдықтардың ең қауіпті түрі – радиоактивті қалдықтар. Олар радиохимиялық зауыттар мен атом электр станцияларынан шығады. Ластанудың бұл түрі жаһандық болып табылады, мұндай қалдықтар экологиялық апатты тудыруы әбден мүмкін.

Ұқсас: Мұнай өндірісінің экологияға әсері қандай?