Жасыбай көлі жайлы мәлімет

Жасыбай көлі Павлодар облысының оңтүстігіндегі Баянауыл ұлттық паркінің аумағында орналасқан. Ертеде ол Шойынкөл деп аталған, 1752 жылы көлдің маңында жоңғарлармен шайқаста Жасыбай батыр көз жұмып, көлдің атауы осы жауынгердің құрметіне өзгертілді.

Көл тектоникалық қозғалыстардың әсерінен пайда болған. Максималды ұзындығы – 3,5 км, ені – 2,4 км, тереңдігі – 14,7 метр. Көлдің пішіні алмұрт тәріздес. Оңтүстік-батыс бөлігінде тасты арал бар, оны «Ғашықтар аралы» деп атайды. Ол радон көздерімен қоректенеді, суы – тұщы. Түбінен алынған балшықтың емдік қасиеті бар екені дәлелденген.

Таулармен және ормандармен қоршалған көл танымал демалыс орнына айналды. Жағасында көптеген демалыс үйлері мен жазғы лагерьлер бар. Жазғы уақытта адамдар Жасыбай көлінің жағасына келіп, салқын суға шомылып, айналадағы табиғатты тамашалайды. Ол Баянауыл ұлттық саябағындағы ең мөлдір су айдыны болып есептеледі.

Қоршап тұрған тауларында қарағай ағаштары өсіп тұр. Олар көлді қатты дауыл мен желден қорғайды. Суда тұқы, сары мөңке, торта, қарабалық, алабұға, шортан және басқа да балықтар кездеседі. Құстардың 50-ге жуық түрі (қаз, үйрек, тырна, аққу және т.б.) тіршілік етеді.

Ұқсас: Балқаш көлі туралы мәлімет