Жанартаулардың адамдарға қандай әсері бар?
Жанартау — жер қыртысында пайда болатын геологиялық жаралымдар. Ол арқылы жер қойнауынан от, балқыған лава және күл атқылайды.
Әлемде 1500-ден астам белсенді жанартаулар бар, олар барлық континенттердің аумағында орналасқан. Жыл сайын шамамен 60-80 жанартау атқылайды. Планета үшін бұл өте маңызды процесс, себебі жер қыртысы — вулканизмнің әсерімен қалыптасады. Жанартау атқылауы бірнеше сағатқа немесе көптеген жылдарға созылуы мүмкін.
Атқылаған кезде, лава ағыны жолындағы барлық ғимараттарды қирату арқылы мыңдаған адамды панасыз қалдырып, эвакуациялауға мәжбүр етеді. Атмосфераға жанартау газдары мен күлінің көп мөлшері таралады. Оның күлі, қарапайым күлге қарағанда ұсақ болады, бөлшектері 0,001-2 мм кристалдарға ұқсайды. Сондықтан, ол ауада ұзақ уақыт бойы сақталып, тыныс алу жолдарына оңай ену арқылы дем алуды қиындатады.
Ал жанартау газдары атмосфераға көтеріліп, қышқыл жаңбыр түрінде жер бетіне қайта жауады. Күкірт диоксидінің өткір иісі мұрынның, тамақтың және көздің шырышты қабығын тітіркендіреді. Сондай-ақ, кейбір жағдайда ол егіннің шықпай қалуына және климаттың уақытша өзгеруіне ықпал әтуі әбден мүмкін.
Жанартау атқылауы көптеген апаттық жағдайларға әкелген. Соңғы бес ғасырда оның кесірінен 280 мың адам көз жұмды. Табиғи апат болғандықтан, оларды жою — адам күшін және үлкен материалдық ресурстарды қажет етеді. Әдетте, бұл үшін төтенше жағдай министрлігі қызметтері мен ішкі әскер жөнелтіледі.