Зевс мүсіні туралы мәлімет
Грекияның Олимпия қаласы, әлемге Олимпиада ойындарын және ежелгі әлемнің жеті кереметінің бірі — Зевс мүсінін сыйлады.
Бұл мүсіннің авторы — Афинаның әйгілі сәулетшісі Фидий. Ол осы жұмысына 10 жыл уақытын жұмсап, б.з.д. 435 жылы өз шедеврін халыққа көрсетті. Әлем кереметінің ашылуына Ежелгі Грекияның ең танымал тұрғындары келді. Оны өз көзімен тамашалаған адамдар, Зевс үшін ғибадатхана тар екенін және ол тақтан көтерілсе, шатырды жарып өтетіндей көрінгендігін атап өткен.
Ежелгі деректерге сүйенсек, ескерткіштің биіктігі 17 метр болған, бұл шамамен 5 қабатты үймен бірдей. Шебердің бұйрығы бойынша, 80 метр қашықтықта ғибадатхананың өлшемдерін дәл қайталайтын шеберхана салынды. Зевстің мүсіні алтын және піл сүйегінен жасалған. Оны әшекейлеу үшін 200 кг таза алтын қолданылған. Мүсіннің етегі жағынан бассейн қазылып, судың бетіне зәйтүн майы құйылды. Нәтижесінде, күн сәулелері шағылысқан кезде, Зевстің мүсіні жарық шығарып тұрғандай көрінген.
Тақта беліне дейін жалаңаштанған Зевс отырды, оның аяқтары екі арыстан тіреп тұрған орындықта болды. Тақтың астындағы тұғырды жасау үшін қара ағаш, алтын, піл сүйегі және зергерлік бұйымдар пайдаланылды. Мүсіннің басы гүлдестемен безендіріліп, оң қолында жеңіс құдайы Никаны, ал сол қолында скипетр ұстап тұрды.
Гректер христиан дінін қабылдағаннан кейін барлық діни ғимараттар жабылып, бұл ғибадатхана да бұзылды. Тарихшылардың айтуынша, мүсін 5-ші ғасырдың басында Константинопольге жеткізілген, алайда 475 жылы өрт кезінде толығымен жойылған.