Родос алыбы туралы мәлімет

Родос аралында 2000 жыл бұрын күллі әлемді таң қалдырған өнер туындысы пайда болды. Өкінішке орай, ежелгі мүсіннің ғұмыры ұзаққа созылмады.

Тарихы

Ескендір Зұлқарнайын қайтыс болғаннан кейін, оның мұрагерлері билікке таласып, империяны бөліске салды. Родос аралының тұрғындары – Птолемейді қолдады, бірақ басқа мұрагерлер бұған қарсылық танытып, қаланы жойып жіберуге шешім қабылдады. Бір жылдан астам уақыт қоршауда болған қала, 40 мыңдық әскерге қарсы үлкен ерлікпен қарсы тұрды.

Содан соң, қолбасшы Деметрий күтпеген жерден әскерін кері бұрып, қаланы басып алудан бас тартты. Бұған таң қалған тұрғындар, өздерінің құтқарылуын күн құдайы Гелиостың қалауымен байланыстырды. Олар басқыншылардан қалған заттардың барлығын сатып, түскен ақшаға оның құрметіне мүсін орнатуға бел буды. Ескерткішті орнату, сол заманның көрнекті мүсіншісі – Хереске тапсырылды. Мүсінді аяқтау үшін, әйгілі шебер өзінің достары мен туыстарынан үлкен көлемде қарыз алғандығы белгілі.

12 жыл өткен соң, 36 метрлік керемет Родос алыбы жарық көрді. Ол айлақтың дәл кіреберісінде тұрды және жақын маңдағы аралдардан көрінген. Бұл кереметті салуға шамамен 13 тонна қола мен 8 тонна темір жұмсалды. Оның сыртқы түрін нақты сипаттайтын мәліметтер жоқ. Ежелгі деректер бойынша, мүсіннің бір саусағы, ересек адамның өлшеміндей болған.

Өкінішке орай, еркіндік символы қысқа өмір сүрді. 56 жыл өткен соң аралда жойқын жер сілкінісі болып, Колосс жерге құлады. 700 жыл бойы оның үлкен сынықтары теңіз жағасында жатты. Біздің дәуіріміздің 7-ші ғасырында арал арабтардың қол астына өтті. Олар мүсіннің қалдықтарын бөлшектеп, 900 түйенің көмегімен Сирияға жеткізген.

Ұқсас: Әлемнің жеті кереметі туралы мәлімет