Үстірт қорығы жайлы мәлімет

Үстірт мемлекеттік қорығы Қазақстанның батысында, Маңғыстау облысының Қарақия ауданында орналасқан. Ол өзінің таңғажайып ландшафттарымен әлемге әйгілі.

Жалпы ауданы 223 300 гектар үстірт, 1984 жылы құрылған. Құру мақсаты – шөлді даланың табиғи кешенін, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін сақтап қалу болды.

Оның ландшафты шексіз дала мен көптеген ойыстары бар шөлдерден тұрады. Ең биік нүктесі Үстірттің батыс шыңында (340 метр), ең төменгісі Кендірлісор алқабының солтүстік бөлігінде (-52 метр) орналасқан.

Қорықтың ен басты ерекшелігі – мұнда өзендер мен көлдер мүлдем жоқ. Тек құрғап қалған өзендердің арналарын ғана байқауға болады. Дегенмен, оның аумағында көптеген құдықтар мен бұлақ көздері бар. Олардың барлығы жер асты және жер үсті суларымен қоректенеді.

Қорықтағы температура негізінен ыстық және құрғақ. Ең ыстық аймақтарында ауа температурасы +40-тан +60 градусқа дейін жетеді. Қысқы мерзімде, боран мен қатты желдер соғады. Жауын-шашын аз түседі, орташа жылдық мөлшері 120 мм-ден аспайды.

Сүтқоректілердің 32 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 15 түрі, құстардың 166 түрі және өсімдіктердің 403 түрі тіркелген. Жыландар мен кесірткелердің көптеген түрлері тіршілік етеді, олардың арасында тек Үстіртте ғана мекендейтін жармасқылардың сирек түрлері бар.

Итаю, шағыл мысығы сарбалақ, сабаншы және қарақал сияқты түрлері Қызыл кітапқа енгізілген. Жарты ғасыр бұрын, мұнда гепард пен құландар мекен еткен. Құстардан лашындар, жыланшы қырандар, ителгі, бүркіт, қарақұс және дала қырандары кездеседі.

Шөлді аймақ болғандықтан, оның флорасы айтарлықтай бай емес. Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек өсімдіктердің төрт түрін атап өтуге болады: кәдімгі жұмсақжеміс, тіссіз қатыран, хиуа сораңы және сүттіген.

Үстірттің аумағында археологиялық ескерткіштер де кездеседі. Бұл жерлер арқылы ежелгі керуен жолдары өткен, оның бойында Шахр-и-Вазир қаласы, Білеулі керуен сарайы және бекіністер орналасқан.

Ұқсас: Наурызым қорығы жайлы мәлімет