Үсік кезіндегі алғашқы медициналық көмек
Үсік — бұл төмен температураның әсерінен пайда болатын тіндердің зақымдануы. Бұл жағдайда — шұғыл медициналық жәрдем ережелерін білу маңызды.
Суықтың әсерінен ұсақ тамырлар тарылып, қан ағымы тоқтайды. Бұл тіндердің зақымдалуына немесе жансыздануына әсер етеді. Алдымен, дененің қорғалмаған бөліктері зардап шегеді: құлақ, мұрын, бет, қол және табан. Үсіктің ең ауыр жағдайлары саусақтардың немесе аяқ-қолдардың ампутациясына әкелуі мүмкін.
Алғашқы белгілерге терінің шаншуы, ұйып қалуы, қышуы, сезімдалтықтың төмендеуі, дене түсінің алдымен бозаруы, ал содан кейін қызаруы жатады.
Дәрігерге дейінгі көмек
- жәбірленушіні жылы бөлмеге жеткізу керек;
- абайлап, сыртқы киімдері мен аяқ киімін шешіңіз;
- науқасты төсекке жатқызып, үстіне жылы көрпе жабыңыз;
- оған жылы сусын, шәй немесе сүт ішкізіңіз;
- үсіген аймаққа жылы таңғыш қойыңыз.
Үсік кезінде тыйым салынатын әрекеттер
- дененің үсіген жерлерін қармен сүртпеңіз (қол мен аяқтың қан тамырлары өте нәзік, оларды зақымдасаңыз, инфекцияның кіруіне әсер етесіз);
- үсіп қалған аяқ-қолдарды отпен немесе ыстық сумен жылытпаңыз (себебі, тамырларда тромб түзілуі басталып, тіндердің бұзылуы одан сайын тереңдейді);
- науқасқа алкоголь ішкізбеңіз (ол жылу сезімін бергенімен, шын мәнінде дене жылынбайды).