WhatsApp туралы мәлімет

WhatsApp компаниясының негізін 2009 жылы Ян Кум мен Брайан Эктон қалаған. Олар болашақ мессенджерді жеңіл әрі функционалды етіп жасауға тырысты.

Тарихы

Қолданба Erlang бағдарламалау тілінде жазылған кросс-платформалық мессенджер. Қазақстанда WhatsApp желісін қолдану тегін, ол тек кейбір елдерде  ғана ақылы, жылдық бағасы небәрі 99 центті құрайды. 2016 жылы Ватсапты қолданушылардың саны 1 000 000 000 адамға жетті. Желіге күн сайын 1 миллион жаңа пайдаланушы тіркеледі.

Кумның Yahoo-дағы бұрынғы әріптесі Брайан Эктон WhatsApp-қа 250 000 доллар ақша құйып, жобаның өрлеуіне үлкен көмегін тигізді. Олар смартфонды жеке құрылғы ретінде қарастырып, жарнама орнатуға мүлдем қарсы екенін бірнеше рет айтып өткен. Сондай-ақ, пайдаланушылардың саның көбейту үшін ақша кетірмеген, барлық қуатын пайдалы өнім жасауға ғана жұмсаған. Маркетингтен бас тартқанына қарамастан, қолданба жылдам өз аудиториясын тапты.

Алғашында WhatsApp хабарлама жіберу үшін арналмаған, бірақ адамдарды осы функция қызықтырды. Себебі, SMS хабарламалар ақылы болғандықтан, мобильдік операторлардан құтылудың жолы табылды. Жастар арасында топтық чаттар ерекше танымал болды. Мессенджер – адамның аты, жынысы, мекенжайы немесе жасы сияқты жеке ақпаратыңызды жинамайды. Тіркелу телефон нөмірі арқылы жүзеге асырылады.

Жоғарыда аталған факторлар WhatsApp-ты әлемдегі ең пайдалы мобильдік қосымшалардың біріне айналдырды. 2014 жылдың ақпан айында Facebook әлеуметтік желісі оны 19 миллиард долларға сатып алды. Бұл венчурлық қаржыландыруы бар компаниялар арасындағы ең үлкен мәміле. Facebook сатып алған кезде компанияда 55 қызметкер ғана жұмыс істеді.

Ұқсас: Бүкіләлемдік ғаламтордың тарихы