Тұран жазығы туралы мәлімет

Тұран жазығы – Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан елдеріне тиесілі. Жалпы ауданы 2 млн шаршы километрді құрайды. Біздің еліміздің оңтүстік өңірінде орналасқан.

Жазықтың аумағында Балқаш пен Алакөл көлдері, Маңғыстау мен Торғай үстірттері, Арал теңізі, Сырдария өзені, Қызылқұм, Бетпақдала және Мойынқұм шөлдері бар.

Тұран ойпатынан мұнай, газ, құрылыс материалдары, ас тұзы және сода сияқты пайдалы қазбалар өндіріледі. Жайылымдылық мал шаруашылығы мен суармалы егіншілік дамыған. Күріш, тары және мақта өсіріледі.

Жазықтың басым бөлігін құмды шөлдер алып жатыр. Сырдария өзені Тұранды солтүстік және оңтүстік етіп екіге бөледі. Солтүстігінде Арал Қарақұмы, Үлкен және Кіші Борсық құмдары, ал оңтүстігінде Қызылқұм орналасқан.

Климаты құрғақ, күрт континенттік. Қысқы мерзімдегі орташа температура – солтүстікте -8-16°С, оңтүстікте -5°С. Жаздың орташа температурасы +22°С – +29°С-ты құрайды. Көктемгі және күзгі жауын-шашынның мөлшері 80-100 мм.

Жыртқыш аңдардан қасқыр, түлкі, шағыл мысығы және қарақал мекендейді. Сонымен қатар, тышқандар, кесірткелер, тасбақалар, жыландар және басқа да шөлді аймақтарға тән бауырымен жорғалаушыларды кездестіруге болады.

Тұран ойпатының экологиялық жағдайы тұрақсыз. Құрғақ желдердің әсерінен шаңды дауылдар пайда болуда. Арал теңізіндегі су деңгейінің төмендеуі де жағдайды қиындатып отыр. Теңіз түбіндегі тұздар желдің көмегімен айналаға таралып, тұзды жерлерді көбейтіп жатыр. Бұл жағдай өңірдің фаунасына қауіп төндіруде. Ақбөкендер мен құландардың жаппай қырылған фактілері тіркелген. Табиғатты қорғау мақсатында Барсакелмес және Үстірт қорықтары құрылды.

Ұқсас: Ақсу-Жабағылы қорығы туралы мәлімет