Құр құсы туралы мәлімет

Құр – сыртқы түрі үй тауығына ұқсас, кішкентай басты және қысқа тұмсықты ірі құс. Қораздарының салмағы – 900-1500 г, ал ұрғашылары – 750-1200 г жетеді. Жынысына қарап таңу оңай. Себебі, олардың қауырсындарының түстері бірдей емес және еркегінің көлемі мен салмағы әйелден әрқашан үлкен болады.

Бұл құстар топпен тіршілік етеді. Олар аязды ұнатпайды, сондықтан, қатты суықта ұзақ уақыт бойы қардың астында жасырынуы мүмкін. Күн жылынған кезде ашық жерлерге ұшып шығып, дыбыстар шығару арқылы өздеріне жұп іздей бастайды. Көктемгі мерзімде, аңшылар осы дыбыстардың көмегімен құрлардың ізіне түседі екен. Алайда, ол жылдам қозғалатын, есту және көру қабілеті жақсы дамыған құс.

Көбінесе, жайылмалы ормандарда, жапырақты және қылқан бұталы тоғайларда мекендейді. Дүлей ормандардан аулақ болып, қайың ағашы басым аумақтарды ұнатады. Олар бүршіктермен (қайың, қарағай, қандыағаш), жидектермен (қаражидек, көкжидек, итбүлдірген, мүкжидек) және дәндермен (бидай, тары) қоректенеді. Балапандары бастапқыда жәндіктермен қоректеніп, кейін өсімдіктерге көшеді. Бұл қанаттылар, асқорытуды жақсарту үшін тамақтану кезінде ұсақ тастарды жұтып, тағамның асқазанда жақсы сіңуін жеңілдетеді екен.

Құр – отырықшы құс. Бірақ, кейбір жағдайларда жаппай қоныс аударуы мүмкін. Ғалымдар, мұны азықтың жетіспеушілігімен байланыстырады. Құрға шабуыл жасайтын жыртқыштардың көптігіне қарамастан, олардың басты жауы – адам. Ормандарды кесу мен аңшылық – осы құстардың жалпы санының азаюына әсер етуде.

Ұқсас: Көкек құсы жайлы мәлімет