Қан кету кезіндегі алғашқы медициналық көмек

Қан кету кезінде адамның өміріне үлкен қауіп төнеді, науқас көп мөлшерде қан жоғалтатын болса, бұл оның өліміне алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан, алғашқы медициналық көмекті уақтылы және дұрыс жасай білу керек.

Қан ағудың бірнеше түрі болады. Олар: артериялық (артериялардан), веноздық (тамырлардан), капиллярлық (ұсақ тамырлардан) және ішке қан ағу.

Артериялық

Бұл қан кетудің ең қауіпті түрі, оны тез арада тоқтату керек. Себебі, аз уақыттың ішінде тамырдан көп мөлшерде қан ағып кетеді.

  • жарақаттанған аяқ-қолды жоғары қарай көтеріңіз;
  • жараның үстінгі жағындағы артерияны қолдың бас бармағымен басу арқылы қанды тоқтатыңыз;
  • егер ол тоқтамайтын болса, жоғарыда айтылған жерге резеңке бұрау (жгут) байлап, байлаған уақытты жазып қою қажет. Өйткені, бұрауды жазғы уақытта 2 сағат, ал қысқы мерзімде 1 сағаттан ұзақ ұстауға болмайды;
  • егер көрсетілген мерзімде дәрігер келмеген болса, бұрауды жайлап шешіп, қан айналымы қалпына келгенше күтіңіз. Содан кейін оны қайта қолданыңыз;
  • жәбірленушіге көмек көрсеткеннен кейін, оны дереу денсаулық сақтау мекемесіне жіберіңіз.

Веноздық

Оның артериялық қан кетуден айырмашылығы, қанның түсі қарайған болады және атқылап ақпайды.

  • жарақат алған аяқ-қолды жоғары көтеріңіз;
  • бинтті бірнеше рет қабаттап, жараның үстіне басып қойыңыз;
  • содан кейін таңғышпен қысып байлаңыз;
  • егер бұл әрекеттер қанды тоқтата алмаса, онда жараның үстіңгі жағына бұрау тағыңыз;
  • науқасты ауруханаға жіберіңіз немесе жедел жәрдемді күтіңіз.

Капиллярлық

Капиллярлардың зақымдалуының белгісі — жараның бүкіл беті қанайды, бірақ, қан аз ағады. Егер алғашқы көмек шаралары дұрыс болса, жәбірленушінің өміріне қауіп төнбейді.

  • зақымданған тері аймағын кез-келген антисептикпен емдеңіз;
  • жараны пластырьмен немесе мақтамен жауып, бинтпен бекітіңіз;
  • таңғышты қатты қысып байламаңыз;
  • көп жағдайда, бұндай жарақат — ауруханаға баруды қажет етпейді.

Ішке қан кету

Оны көзбен анықтау өте қиын. Келесі белгілерге назар аудару керек: жәбірленушінің терісінің бозаруы, әлсіз тыныс алу, пулсьтін жиі соғуы, бас айналуы, есінен тану.

  • бұл жағдайда, дереу жедел жәрдем шақырыңыз;
  • жарақат аймағына мұз басыңыз;
  • науқасты жартылай отырғызып, оның тыныштығын қамтамасыз етіңіз.