Пестицидтердің қоршаған орта мен адамға әсері

Пестицидтер – егінді қорғау мақсатында, ауыл шаруашылығында зиянкестермен, арамшөптермен және өсімдік ауруларымен күресу үшін қолданылатын химиялық қосылыстар. Бірақ, ол қоршаған ортаға және тірі организмдерге айтарлықтай залал келтіріп жатыр.

Соңғы 50 жылда жер шарындағы егістік алқаптар шамамен 10 пайызға өсті. Пестицидтер ауыл шаруашылығы өндірісінің өсу қарқынын сақтауға ықпал еткені сөзсіз. Қазіргі уақытта, олар табысты арттыруға арналған бизнес құралына айналды. Бұл нарық жылдам қарқынмен өсіп келеді, жалпы біржылдық сатылымы 60 млрд долларды құрайды.

Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, дұрыс пайдаланған кезде, бұл препараттар зиян келтірмейді, керісінше, өнім сапасын жақсартуға көмектеседі. Алайда, пестицидтерді қолданудың кемшілігі бар, ол адам денсаулығына теріс әсер етеді. Ғалымдардың мәліметтеріне сәйкес, бір жылда 385 миллионға жуық адам пестицидтермен абайсызда уланып, олардың шамамен 11 000-ы көз жұмған.

Оның 100 мыңнан астам түрі бар. Мысалға, инсектицидтер – жәндіктерді жоюға, гербицидтер – арамшөптерді жою үшін, ал фунгицидтер – өсімдіктерді аурулардан қорғауға арналған. Пестицидтер қоршаған ортаға: топырақ, ауа, су және азық-түлік арқылы таралады. Ең жоғары деңгейі көкөністерде және жемістерде (алма, құлпынай, жүзім) кездеседі.

Бұл препараттар қатерлі ісік, Альцгеймер және Паркинсон ауруларын тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, бедеулікті арттырады және ерлерде тестостерон гормонының деңгейін төмендетеді. Ол ауылшаруашылық алқаптарында жұмыс істейтін шаруалар және көршілес тұратын балалар мен жүкті әйелдер үшін аса қауіпті. Сол себепті, Қазақстанда органикалық ауыл шаруашылығын дамыту қарастырылуда.

Ұқсас: Дәрілік шөптердің денсаулыққа пайдасы