Овчарка ит туралы мәлімет

Неміс овчаркасы – 1899 жылы Германияның бақташы иттерін будандастыру нәтижесінде пайда болды. Өзінің батылдығымен, адалдығымен және ақылдылығымен танымал.

Овчарка әлемдегі ең ақылды тұқымдардың қатарына кіреді. Бұл иттердің қыңыр мінезі жоқ, сондықтан үйтетуге оңай, берілген тапсырманы жылдам игереді. Иесінің командаларын анық орындайды және адамның көңіл-күйі мен интонациясындағы азғантай өзгерістердің өзін байқап қалады.

Иттің бас сүйегі кең, сына тәрізді. Құлақтары тік және үлкен. Арқасы тегіс және бұлшықетті, құйрығы үлпілдеп, төмен қарай қисайып тұрады. Жүні екі қабатты, қалың, барқыт тәрізді жарқын дақтары бар. Биіктігі 60-65 см, салмағы 30-40 кг. Ауыз қуысы 42 тістен тұрады. Орташа өмір сүру ұзақтығы 9-13 жыл.

Олар полиция, шекара және кеден бөлімшелерінде қызмет етіп, іздестіру-құтқару жұмыстарына белсенді қатысады. Овчарка бірнеше иесіне бағынуы мүмкін, бұл қызметтік ит үшін маңызды қасиет. Ал, тұрмыста жанұя мүшелерінің тыныштығын сақтауға және мүлкін қорғауға көмектеседі. Қауіп төнген жағдайда әрдайым иесін қорғауға дайын.

Бұл белсенді және еңбекқор иттер, қозғалыссыз отыруды ұнатпайды. Олар күнделікті жаттығуларды қажет етеді, әйтпесе бұзақы және ашушаң болуы мүмкін. Мықты иіс сезу қабілетімен ерекшеленеді. Сол үшін әскери құрылымдар оларды жарылғыш заттар мен есірткіні табу үшін қолданады.

Әдетте балалармен және басқа жануарлармен жақсы тіл табысады. Біреу доп немесе таяқша лақтырса, ойнауға қуана кіріседі. Немс овчаркасы физикалық жүктемелерге төзімді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде құтқарушы, күзетші және жүк тасымалдаушы болып қызмет еткен.

Ұқсас: Алабай иті жайлы мәлімет