Алабай иті жайлы мәлімет

Алабай – Орталық Азияның ең ірі иттерінің бірі. Олар Каспий теңізінен Оңтүстік Оралға дейінгі аумақта тіршілік етеді.

n
Сурет hvost.news сайтынан алынды

Алабайлар жер бетінде шамамен 4 мың жыл бұрын пайда болды. Мамандар оны тибеттік мастифтің туысы деп санайды. Мал шаруашылығымен айналысатын көшпенді тайпаларға, малдарды жыртқыштардан қорғау үшін күшті, шыдамды және ержүрек ит керек болған. Ұзақ уақытқа созылған селекцияның нәтижесінде, алабай тұқымы шығарылды.

Олар асықпай, ойланып шешім қабылдағанды ұнатады, егер иесінің бұйрығын орынсыз деп санайтын болса, оны орындаудан бас тартуы мүмкін. Бейтаныс адамдарға күдікпен қарайды. Басқа иттерді көрсе, өзінің басымдылығын байқатқысы келеді. Байсалды мінезімен ерекшеленеді, шекараны бұзушыларға бірден шабуыл жасамай, алдымен үрлеп ескертеді.

Алабай кез-келген ауа райына бейімделе алады. Алайда, оны пәтерде ұстауға болмайды, себебі бұл итке кеңістік қажет, әйтпесе оның мінезі нашарлап, агрессивті жануарға айналады. Ол ашық ауада физикалық жаттығулар жасауды және суда жүзуді ұнатады. Серуендеу кезінде, лас болмауға тырысады.

Әдетте, бұл иттің салмағы 40-60 кг, ал биіктігі 65-70 см құрайды. Жүні қатты және қалың болып келеді. Түсі ақ, сұр, көк немесе жолбарыс түстес болуы мүмкін. Оның басы үлкен, маңдайы жалпақ, ал құлақтары кішкентай. Кең кеудесі мен дамыған иық бұлшықеттері бірден көзге түседі.

Бұл иттерді майсыз және жаңа піскен етпен тамақтандыру керек. Сондай-ақ, көкөністерді, жемістерді, жұмыртқаларды және майы аз сүт өнімдерін беруге болады. Дұрыс тамақтанбау – диабетке әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан, оның мәзірінен тәтті, тұзды және ұнды тағамдарды сызып тастаған жөн.

Ұқсас: Ит туралы қызықты мәліметтер