Отбасы туралы тәрбие сағаты

Тақырыбы: Отбасы — бақыт мекені

Мақсаты: Жанұяның адамның өмірінде алатын маңызды рөлін түсіндіру. Жақын туыстарына деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу және отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға баулу. Ата-анасын құрметтеуді және оларға қамқор болуды үйрету.

Тәрбие сағатының көрнекілігі: жұмбақтар, мақал-мәтелдер, суреттер.

Барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім: Қайырлы күн, балалар! Сіздерді көргеніме өте қуаныштымын! Кез-келген адамға «дүниедегі ең маңызды зат?» деп сұрақ қойсаңыз, ол бірден отбасы деп жауап береді. Жанұя — бұл біздің тұратын үйіміз, ата-анамыз, аға-әпкелеріміз. Адамдар жақсылық пен жамандықты ажыратуға, бір-біріне көмектесуге және үлкендерді құрметтеуге осы жерде үйренеді. Ол кез-келген қоғамның, кез-келген мемлекеттің міндетті бөлігі. Бүгінгі сабағымызды мына керемет өлең жолдарынан бастайық:

От басы – жылы ұямыз,

Тірегі – ата-анамыз.

Уыз сүт еміп осында,

Уылжып біздер өсеміз.

Ата-ана болса өрнекті,

Ұл мен қыз өсер көрнекті.

Әуезов Мұхаң айтқандай:

Түзейік бесік-жөргекті.

II. Жұмбақ шешу

Мұғалім: Құрметті оқушылар! Қазір мен сіздерге, жанұя мүшелері туралы жұмбақтар жасырамын. Сабаққа белсенді қатысып, қаншалықты тапқыр екендіктеріңізді көрсетіңіздер.

Даладай

Кiмнiң кең пейiлi?

Данадай,

Кiмнiң мол мейiрi?

(Ана)


Ұрысады жөнімен,

Мақтайды бар жанымен.

Біз оны қатты жақсы көреміз,

Ол біздің сүйікті….

(Әкеміз)


Онда әкем-шешем тұрады,

Ата-әже бауырым.

Бәрі бірге қосылып,

Бір ұғымды құрады.

(Отбасы)

III. Мақал-мәтелді жалғастыру

Мұғалім: Ал, енді мақал-мәтелдерді жалғастырыңыздар.

Отан — қуат,

Отбасы — (шуақ).


Атаның көңілі балада,

Баланың көңілі (далада).


Отбасынан бас кетсе,

Қазанынан (ас кетеді).


Інісі бардың тынысы бар,

Ағасы бардың (жағасы бар).

IV. Дене шынықтыру минуты

Мұғалім: Аздап, демалып алайық. Орындықтан тұрып, партаның жанына тұрыңыздар.

  • ағасы немесе інісі барлар, алақандарыңызбен үш рет шапалақ ұрыңыздар.
  • кімнің әпкесі немесе қарындасы бар, қолдарыңызды жоғары көтеріңіздер.
  • ата-анасына көмектесетіндер, 3 рет отырып тұрыңыздар.
  • үйдің кенжесі болсаңыз, орнында адымдаңыз.

V. Сурет салу

Мұғалім: Келесі кезекте шығармашылық жұмыс. Алдарында тұрған параққа, жанұяға қатысты сурет салыңыздар (содан соң, бұл суреттер тақтаға жабыстырылып, оқушылар не бейнелегенің түсіндіреді).

Балалар, сіздерді осы күнге дейін жеткізіп, қамқор болған жақындарыңызға алғыс айтыңыз. Ата-аналарыңыздың үмітін ақтап, тәрбиелі және мейірімді адамдар болуға тырысыңыз. Естеріңізде болсын, отбасыны ешнәрсемен алмастыра алмайсыз! Барлығыңызға көп рахмет, осымен сабағымыз аяқталды.

Ұқсас: Менің отбасым туралы шығарма (эссе)