Қорғалжын қорығы туралы мәлімет
Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы 1968 жылы құрылған.
Астана қаласынан 130 шақырым жерде, Теңіз-Қорғалжын ойысында орналасқан. Оның осы аумақта орналасуы, құстардың қоныс аудару жолдарымен тығыз байланысты. Қорық 543,171 мың гектар аумақты алып жатыр.
Аумағында 123 көл бар, ең ірілері: Теңіз және Қорғалжын. Қорғалжынның суы тұщы болса, Теңіздің суы керісінше тұзды болып келеді. Теңіз көлінің тереңдігі 7 метрге дейін жетеді, ал ауданы 1000 км² құрайды. Оның минералдануы, мұхит суынан 5-7 есе асып түседі.
Қорықтың фаунасына келетін болсақ, жануарлардың 40-қа жуық түрі бар. Мұнда жабайы қабандарды, киіктерді, ақ қояндарды және борсықтарды тамашалауға болады. Балықтың аққайран, алабұға, торта, шортан, қарабалық, көксерке және сазан сияқты түрлері кездеседі.
Құстардың 350-ден астам түрі тіршілік етеді. Олардың 41 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Қорықта сібір ақ тырнасы, бұйра бірқазан, ақиық субүркіт, балшықшы, құтан, суқұзғын, аққу, шағала, үйрек және т.б. мекендейді. Туристтердің көпшілігі қызғылт қоқиғазды (розовое фламинго) көру үшін келеді. Оларды сәуір-қыркүйек айлары аралығында дүрбі арқылы көл жағасынан байқауға болады.
Ерекше орналасуына байланысты қорықтың флорасы алуан түрлі. Гүлді өсімдіктердің 443 түрі белгілі. Даласында көкпек, қара жусан, шәлбен, таспа, көкнәр және қызғалдақ көп кездеседі. Аумағында ормандар жоқ, тек көлдің маңында биіктігі 3 метр тамариск бұталары өсіп тұрады. Қорықтың аумағына арнайы рұқсатсыз кіруге тыйым салынады, өйткені ол қорғалатын аумақ болып табылады.