Логистика туралы шығарма (эссе)

Логистика – бүгінгі заман мамандығы. Қазіргі бизнесте – бұл мамандық стратегиялық маңызды рөл атқарады, мұны дамыған елдердің тәжірибесі растап отыр. Ол сатып алу, тасымалдау және жеткізу процестерінің барлығын ұйымдастырады.

Қазақстан нарығында жақында ғана пайда болғанына қарамастан, аталған мамандық үлкен сұранысқа ие болып отыр. Логисттарды көбінесе жүк тасымалдаумен айналысатын компаниялар және өндірістік кәсіпорындар қажет етеді.

Логист – тауарларды А нүктесінен В нүктесіне минималды қаржылық және уақыт шығындарымен тасымалдайтын маман. Ол сатып алу бөлімінің, қойманың және курьерлердің жұмысын білікті басқарып, алдын ала жоспарлап отырады.

Біз супермаркет сөрелерінен көптеген өнімдерді көруге үйреніп қалдық. Түрлі аймақтарда өндірілген тауарлар, дүкендерге қалай түсетіні туралы адамдар сирек ойланады. Бұл өте күрделі тапсырманы логист орындайды екен.

Қазіргі таңда, онлайн-сауда белсенді дамып, тауарды сатып алу процесі сатып алушы үшін жеңілдегенімен, компания үшін қиындады. Себебі, әрбір тапсырыс клиенттің мекен-жайына жеткізіліп, сатып алынбаған заттар қоймаға кері қайтарылуы керек. Бұл жұмыстың барлығын логист ұйымдастырады.

Жалпақ тілмен айтқанда, логисттің басты мақсаты – компанияның ақшасын үнемдеу. Оның жұмысы оңай емес. Осы мамандықты таңдауды ұйғарсаңыз, сіз кез-келген уақытта және кез-келген жағдайда әртүрлі мәселелер мен қиындықтарды шеше білуге дайын болуыңыз керек. Сондай-ақ, маманның бойында ұйымдастырушылық, белсенділік, табандылық және еңбекқорлық сияқты жеке қасиеттер болғаны жөн.

Ұқсас: Менің мамандығым (эссе)