Қарлығаш құсы жайлы мәлімет

Егер, үйдің төбесіне қарлығаш ұя салатын болса, онда бұл отбасыда бақыт пен береке болады деген ырым бар. Ежелгі адамдардың айтуынша, оның ұясын бұзу — үлкен сәтсіздікке әкеледі. Осы құсқа қатысты аңыздар мен ертегілер жеткілікті.

.png

Қарлығаштың бүкіл өмірі ауада өтеді, олар өте сирек демалады. Бұл құс аспанда ұшып келе жатып тамақтана алады. Ал, кейбір түрлері тіпті ұйықтауға да қабілетті. Олардың аяқтары жүру үшін бейімделмеген, сондықтан, жерге түскенде өздерін ыңғайсыз сезінеді. Көбінесе шыбын-шіркейлермен және масалармен қоректенеді. Сонымен қатар, оның мәзіріне инелік, шегіртке, көбелек, қоңыз және әр түрлі жәндіктер кіреді.

Қарлығаш мейірімді және бейбітшіл құс болып саналады. Егер оның ұясына бейтаныс құс кіріп кетсе, оған шабуыл жасамай, басқа ұяға көшіп кетеді. Олар адамдардан қорықпайды, тұрғын үйлердің шатырларында ұя сала береді. Ұяны орнату үшін балшықты және өз сілекейін қолданады. Сілекей желімнің рөлін атқарады. Құрылыс мамыр айында басталып, 10 күнге дейін созылады.

Бұл көші-қон құстарын, әлемнің кез-келген жерінен кездестіруге болатын шығар. Қыс жақындаған кезде оңтүстікке ұшып кетіп, тек көктемге қарай ғана қайтып оралады. Келген соң, бірден ұя салуға және балапан басып шығаруға кіріседі.

Ол үнемі азық іздеумен айналысады. Оның балапандары күніне 300 рет тамақтанады. Әдетте, ұрғашылары көктемде жұмыртқалайды. Алғашқы үш апта бойы, ата-анасы балапандарына қамқорлық жасап, оларға жәндіктерді аулауды үйретеді. Содан кейін, балаларын тастап кетеді.

Егер қарлығаш жерге төмен биіктікте ұшса, онда жаңбыр жауады деген сенім бар. Алайда, мұны ғылыми жолмен де түсіндіруге болады. Жауынның алдында ауа ылғалдылығы көтеріледі. Нәтижесінде, қауырсын ауырлап, құс төменге қарай түседі.

Бүгінгі күні, қарлығаштардың 79 түрі белгілі. Олар табиғи ортада шамамен 5 жыл өмір сүреді.

Ұқсас: Сұңқар құсы туралы мәлімет