Сұңқар құсы туралы мәлімет

Сұңқар – айбындылығымен, батылдығымен, күшімен және әдемілігімен ерекшеленетін құс. Оны ежелгі адамдар жақсы білген және құрметтеген.

.jpg

Сұңқардың пайдасы

Бұл құстар планетаның табиғи тепе-теңдігін сақтау үшін өте маңызды рөл атқарады. Мысалы, өсімдіктерге зиян тигізетін тышқандар мен кеміргіштердің көзін құртады.

Қарға және сауысқан сияқты құстар, басқа құстардың ұяларын бұзып, жұмыртқаларын жейді. Ал, сұңқар олардың санын азайтып отырады.

Көптеген адамдар сұңқарды асырап алуға тырысады, ол бүркітпен қатар, аңшының ең адал және сенімді досы болып саналады. Аң аулау кезіндегі ең пайдалы қасиеті –  көру қабілеті. Ол өз олжасын 1 километр қашықтықтан байқап қалады.

Қызықты мәліметтер

Сұңқарды әлемдегі ең жылдам құс деп атауға болады. Ол бір секундта 4-5 рет қанат қағады. Ең шапшаң түрі – лашын. Лашынның жылдамдығы – 320 км/сағ дейін жетеді. Ұрғашылары еркектерге қарағанда 1,5 есе үлкен. Ең ірілерінің салмағы – 2 килограммға дейін жетуі мүмкін.

Әдетте, өзінен кіші құстармен қоректенеді, оларды ауада шабуылдауды ұнатады. Оның мәзірінде көгершіндер, торғайлар, үкілер және үйректер бар. Кейбір жағдайларда, қоян және тиын сияқты сүтқоректілерді аулауы мүмкін.

Әйелі де, еркегі де жұмыртқа басады. Балапан дүниеге келген кезде, оны алғашқы үш апта бойы ата-анасы тамақтандырып, жыртқыш жануарлардан қорғайды. Ал,  бір ай өткен соң, балапан ұядан қуылады. Егер ұясын уақытында қалдырмаса, оны өлтіріп тастайды. Себебі, ересектер оны бәсекелес ретінде қарастырады.

Сұңқарды ғылыми тілде «Falco» деп атайды. Ол латын тілінен аударғанда «орақ» деген мағынаны береді. Өйткені, бұл құс ұшып келе жатқанда, оның пішіні ораққа ұқсас болады екен.

Табиғатта өмір сүру ұзақтығы – 15-16 жыл, ал қолға үйретілгендері – 18-20 жыл тіршілік етеді.