Кальций элементінің биологиялық маңызы
Кальций (Ca) — адам ағзасындағы ең көп таралған бейорганикалық элемент. Бұл элемент көптеген маңызды биохимиялық реакцияларға қатысады. Ол жасушалардың бөлінуін, өсуін, өлуін және оттегі мен қоректік заттардың дұрыс жеткізілуін бақылайды.
Қаңқаның дұрыс қалыптасуы және дененің қалыпты өсуі үшін балаларға кальций қажет. Ересек адамның денесіндегі кальцийдің жалпы мөлшері бір килограммнан асуы мүмкін. Оның 99%-ы адамның тістерінде және сүйектерінде болады. Кальцийге тәуліктік қажеттілік 500-800 мг құрайды. Жүктілік немесе емізу кезінде 1200-1500 мг дейін артады.
Сүт және сүт өнімдері — кальцийдің басты көзі. Бұл өнімдер ағзаның кальцийге деген физиологиялық қажеттілігін шамамен 80%-ға қанағаттандырады. Басқа тағамдарға келетін болсақ, олар: ақсерке, жержаңғақ, грек жаңғағы, күнбағыс дәнегі, сарымсақ, шомыр және жасыл көкөністер.
Кальций адам ағзасына тамақпен бірге түсіп, ішекте сіңеді, ал зат алмасу процесі сүйектерде жүреді. Ағзадан бүйрек арқылы шығарылады. Элементтің дұрыс шығарылуы мен сіңуі D дәрумені арқылы жүзеге асырылады.
Ағзадағы биологиялық рөлі:
- фосформен бірге, сүйектерді берік қылады және тістерді сау етеді;
- жүйке жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне қатысады;
- жасушаішілік процестерді реттейді;
- қалыпты жүрек ырғағын сақтап, жалпы жүрек-тамыр жүйесіне әсер етеді;
- эндокриндік бездердің жұмысын қалыпқа келтіреді;
- қанның ұюы процестеріне қатысады;
- ұйқысыздықтан арылуға көмектеседі.
Кальций жетіспеушілігінің салдары:
- сүйек тығыздығының төмендеуі, жиі сүйек сынуы, остеоартрит, остеопороз;
- шаршау, жалпы әлсіздік;
- сіңір тартылу, бұлшықеттің ауыруы;
- несеп-тас ауруы;
- балаларда мешел ауруы.
Ұқсас: Тұздың пайдасы мен зияны