Итмұрын өсімдігінің пайдасы қандай?
Халық арасында итмұрынды «жабайы раушан» деп атайды. Бұл өсімдіктің көмегімен көптеген ауруларды емдеуге болады екен.
Итмұрын — биіктігі 2 м-ге дейін жететін, сабағы мен жапырақтары тікенмен жабылған өсімдік. Оны қыркүйек-қазан айларында, алғашқы ызғардан кейін жинай бастайды. Қолданар алдында, жиналған жидектерді жақсылап жуып, кептіреді. Ал, тамырларын әдетте қыста, бірінші қар түскеннен кейін қазып алады.
Емдік қасиеттері
Емшілердің айтуынша, итмұрынның жидегінің ғана емес, жапырағының, бұтақшасының және тамырының да емдік қасиеттері бар. Кептірілген жемістері шай түрінде қайнатылады, ал жапырақтарынан тосап (варенье) дайындалады.
Оның жемістерінде С, Р, А, В2, К, Е дәрумендері бар. Құрамындағы C дәруменінің мөлшері, лимоннан 10 есе көп. Итмұрынды суық тию, асқазан-ішек аурулары, ревматизм, витамин жетіспеушілігі және туберкулезге қарсы қолданады.
Тұндырмасы дененің инфекцияларға төзімділігін арттыратын және ағзаны сергітетін қасиеттерге ие. Сонымен қатар, бұл өсімдіктің тұнбасымен жаралардың, үсіктердің және күйіктердің жазылуын тездетуге болады.
Халық емшілері, осы өсімдіктің көмегімен ас қорыту мүшелерінің жұмысын қалыпқа келтіреді, қалқанша безі мен бүйрек үсті бездерінің секреторлық қызметін күшейтеді және ықылық пен құсуды тоқтатады.
Оның бірқатар қарсы көрсетілімдері бар. Гастрит пен ойық жара ауруы кезінде қолдануға болмайды. Ал, жүкті әйелдерге міндетті түрде дәрігердің рұқсаты қажет. Құрамында аскорбин қышқылының мөлшері көп болғандықтан, тіске зақым келуі мүмкін. Сондықтан, қайнатпаны ішкеннен кейін аузыңызды сумен шаю керек.