Алоэ өсімдігінің қандай пайдасы бар?

Алоэ немесе жүзжылдық – ең таңғажайып өсімдіктердің бірі: ол медицинамен косметологияда кеңінен қолданылады. Оның емдік қасиеттері ежелгі заманнан бері белгілі.

Пайдасы

Бұл өсімдік халық арасында өте танымал. Пайдалы витаминдердің, микроэлементтердің, ферменттердің және бірқатар маңызды аминқышқылдарының болуы, алоэны көптеген мақсаттарда қолдануға мүмкіндік береді. Ол ас қорыту бездерінің секрециясын күшейтеді, тәбетті жақсартады, иммунитетті және ағзаның қорғаныш қасиеттерін арттырады. Сонымен қатар, дененің көгерген, кесілген, және іріңді жерлерін жылдам емдейді.

Косметологияда бұл өсімдіктің жапырақтарын псориаз, безеу, дерматит және т.б. тері ауруларын емдеу үшін пайдаланады. Алоэ шырыны терідегі ұсақ тесіктерді тазартып, теріні ылғалдандырады. Тіндерге терең ену арқылы, метаболизмді жақсартып, жасушалардың қалпына келуін ынталандырады.

Өздеріңіз білетіндей, қартайған сайын тері құрғап, өз серпімділігін жоғалтады. Алоэның құрамындағы микроэлементтер теріні ұзақ уақыт әжімсіз сақтауға көмектеседі. Алоэның басқа да көптеген пайдасы бар. Олар:

  • иммундық жүйені нығайтады;
  • тұмауды емдейді;
  • ас қорытуды қалыпқа келтіреді;
  • организмнен токсиндерді шығарады;
  • шаштың тез өсуіне ықпал етеді;
  • ауыз қуысы ауруларын емдейді;
  • ультрафиолет сәулелерінен қорғайды.

Жүзжылдық шырыны гипоаллергенді болып табылады, сондықтан оны теріге алаңдамай жаға беруге болады. Бірақ, дәрі ретінде ішу кезінде жүкті әйелдерге, гипертониялық науқастарға және жүрек-тамыр аурулары бар адамдарға қабылдауға кеңес берілмейді.

Қалай қолдану керек?

Жас өсімдіктердің пайдасы төмен болады, өсімдіктің жасы 3 жылдан асуы керек. Төменгі жапырақтарды абайлап үзіп алып, үш сағат ішінде қолданыңыз, себебі, осы уақыттан кейін алоэның емдік қасиеттері жоғалады. Пайдалы қасиеттерін сақтап қалу үшін алоэ шырының ыдысқа құйып, тоңазытқышқа екі аптаға дейін салып қоюға болады.

Ұқсас: Балдың пайдасы қандай?