Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс

1836 жылы Беріс руының батыры Исатай Тайманұлы және Махамбет Өтемісұлы, Жәңгір ханның озбырлығына және патша үкіметіне қарсы көтеріліс бастады.

[
Фото avestnik.kz сайтынан алынды

1801 жылы Ресей императорының Жарлығына сәйкес, Жайық және Еділ өзендерінің төменгі ағысында Бөкей Ордасы құрылып, қазақ шаруалары жаңа орынға қоныс аудара бастады. 1812 жылы осы уақытқа дейін сұлтан болып келген Бөкей, ресми түрде хан болып жарияланды.

Көтерілістің себептері

1824 жылы билікке оның ұлы Жәңгір келгеннен кейін, жер мәселесі шиелене түсті. Ол Орданың аумағын өз жеке меншігі ретінде санап, шенеуніктердің мүдделерін қорғауды жөн көрді. Жайылымдар мен ауыл шаруашылығына жарамды жерлер біркелкі бөлінбей, ханның және оның жақындарының иелігінде болды. Қысқа мерзімде, жердің 2/3 бөлігі қазақ байлары мен орыс помещиктерінің меншігіне өтті. Қарапайым халыққа түрлі салықтар мен айыппұлдар салынып отырды. Бұл әділетсіздіктер – 1836-38 жылдар аралығындағы қазақ шаруаларының көтерілісінің басталуына себеп болды.

Басталуы

Жердің әділ бөлінуіне қол жеткізуді армандаған адамдар, сұлтандардың мүлкін ашық түрде тонауға кірісті. 1836 жылдың ақпан айында, көтеріліске Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов қосылып, бүлікшілер қарулы қақтығысқа дайындыла бастады.

Исатай ауылдарды аралап, тұрғындарды Жайықтағы қазақ жерлерін қайтарып алуға шақырды. Бұл уақытта, оның халық арасындағы беделі өте жоғары болды. 1837 жылдың жазында байлардың ауылдарына алғашқы шабуылдар жасалды. 200-ге жуық сарбаздан тұратын әскери жасақ, ханның жақын туысы Қарауылқожа Бабажановтың ауылын тонап, 50 адам тұтқынға алынды, олардың ішінде сұлтандар да болды. Сонымен қатар, осы жылы Байбақты руының беделді старшыны Жүніс Жантелин көтерілісшілер құрамына қосылып, ұлт-азаттық қозғалыстың шекарасы кеңейе түсті.

Қазан айының соңында, Исатай 2000 әскерімен ханның ордасынан он шақырым жерде тоқтап, Жәңгір хан мен оның жақындарын қоршауға алды. Осыған байланысты, хан патша үкіметінен көмек сұрауға жүгінді. Көтерілісті басу үшін подполковник Гекенің жазалаушы отряды жіберілді.

Аяқталуы

1837 жылы 15 қарашада Тас-Төбе шатқалында өткен қанды шайқаста көтерілісшілер жеңіліс тауып, артқа шегінуге мәжбүр болды. Көктемге қарай, Исатай мен Махамбет қайтадан күш жинап, Киыл өзенінің маңындағы ұрыста ерлік көрсеткенімен, тағы да талқандалды. Бұл қақтығыста И.Тайманұлы көз жұмды.

Махамбет Өтемісұлы қалған көтерілісшілермен бірге күресті жалғастыруға тырысқанымен, 1846 жылы Баймағанбет сұлтанның бұйрығы бойынша опасыздықпен өлтірілді. Тірі қалғандары құдалауға ұшырығандықтан, шағын топтарға бөлініп, кең далада жасырынуға тырысты. Ұсталғандардың дүние-мүлкі тәркіленіп, мәңгілікке жер аударылды.

Ұқсас: Махамбет Өтемісұлы туралы мәлімет