Ибн Сина туралы мәлімет

Әбу Әли ибн Сина – адамзат тарихында ең жарқын із қалдырған тұлғалардың бірі. Ол философ, психолог, ақын, математик, музыкант және ұлы ғалым ретінде танымал.  Авиценнаның 1000 жыл бұрын жазған еңбектері әлі де өзекті.

.jpg

Болашақ ғалым 980 жылдың 16 тамызында қазіргі Өзбекстан мемлекетінің аумағындағы Афшана ауылында дүниеге келген. Ол бала кезінен дарынды болып өскендігі белгілі. 10 жасында Құранды жатқа біліп, арифметика, геометрия, астрономия және медицина ғылымдарын оқыған. Ересектер жасөспірімнің жетістіктеріне таң қалған. Оның ғалым болып қалыптасуына, Аристотельдің метафизикасы мен Әл Фарабидің еңбектері әсер еткен.

Небәрі 18 жасында халық арасында білікті дәрігер ретінде танымал болған. Бірде, мемлекет басшысы ауырып қалып, дәрігерлердің ешқайсысы, бұл дерттің емін таба алмай жатты. Сол кезде, билеушіге жас Авиценна шақырылған. Ол аурудың түрін сәтті анықтап, қажетті ұсыныстар берген. Осы оқиғадан кейін, Ибн Сина билеушінің жеке дәрігері болып тағайындалып, сарайдағы үлкен кітапхананы пайдалануға рұқсат алу арқылы білімін тереңдетті.

1005 жылы Бұхараны Қараханидтер басып алғаннан кейін, Хорезмге көшуге мәжбүр болады. Алайда, көп ұзамай бұл қаладан да қуылып, көптеген жылдар бойы жасырынып жүрді. Соған қарамастан, өз ғылыми жұмыстарын тоқтатпай, кітаптар жазуды жалғастырды.

Ибн Синаның ең атақты ғылыми еңбегі – «Дәрігерлік ғылымның ережесі» деп аталады. Бұл шығырма – көптеген тілдерге аударылып, бірнеше ғасыр бойы, дәрігерлердің басты нұсқаулығы болған. Кітапта фармокология, анатомия және физиология жайлы мәліметтер жазылған. Аурулардың белгілері, себептері және оларды емдеу жолдары қарастырылған. Ол, вирустар жұқпалы аурулардың көрінбейтін қоздырғышы екенін ашты, бұл болжам – 800 жылдан кейін ғана расталды.

1024 жылы Исфаханға қоныс аударып, өмірінің соңына дейін Әл ад-Даула әмірдің дәрігері және кеңесшісі болып қызмет атқарды. 1037 жылы қатты ауырып, қайтыс болды. Өлердің алдында, өзінің барлық құлдарын босатып, жеке мүлкін кедейлерге таратып беруге бұйрық берді.

Тарихшылардың айтуынша, Ибн Сина 550-ге жуық еңбек жазған,  бірақ, бүгінгі күнге дейін олардың 240-ы ғана жеткен. Ол көптеген ғылыми салалардың дамуына үлесін қосқан. Париж университетінің медицина факультетінің қабырғасында, осы ғалымның портреті ілулі тұр.

Ұқсас: Әл-Фараби туралы мәлімет