Хиуаз Доспанова жайлы мәлімет

Хиуаз Доспанова – соғыс жылдарындағы қазақтың жалғыз ұшқыш әйелі. Немістер оны «түнгі мыстан» деп атаған.

Ұшқыш 1922 жылы 15 мамырда Гурьев облысы, Ганюшкино ауылында дүниеге келген. 1940 жылы Орал қаласының орта мектебін алтын медальмен аяқтаған. Сол жылы аэроклубтағы оқуын бітірген соң, Әскери-әуе академиясына түсу үшін Мәскеуге аттанды. Алайда, бұл әрекетінен нәтиже шықпай, ол Мәскеу медициналық институтына оқуға түсуге шешім қабылдады.

Соғыс басталған кезде, Хиуаз медициналық институттың екінші курсында оқыған болатын. Ол өз еркімен майданға аттануды қалаған. Бірақ, Мәскеуді басып алу қаупі төнгендіктен, студенттер бекініс құрылыстарын қазуға жіберілді.

Марина Раскованың басшылығымен әйелдер авиация полкі құрылып жатқанын естіген Хиуаз, бірден өтініш жазып, 588-ші авиаполкке штурман-атқыш лауазымында қабылданды. Бірнеше жылға созылатын ұшу мектебінің дайындығы, бірнеше айға дейін қысқартылған. Полк небәрі 17-22 жас аралығындағы 115 қыздан тұрды.

Ол халық арасында «жүгеріші» деген атауымен белгілі, ауыл шаруашылығында кенінен қолданылған ұшақта қызмет атқарды. Қыздар оны «қарлығаш» деп еркелететін. Күндізгі уақытта ПО-2 жауға оңай нысана болғандықтан, олар жорыққа түнде ғана шыққан. Алғашқы жауынгерлік ұшып шығу кезінде оған зениттік қарудан оқ жаудырғанымен, қазақ қызы тапсырманы сәтті орындай алды.

1943 жылы 1 сәуірде екі ұшақ жерге қонуға жақындаған кезде ауада соқтығысып, үш қыз көз жұмды. Дәрігерлер Хиуаздың өмірін сақтап қалғанымен, оның аяғында гангрена басталды. Ота жасап, емделгеннен кейін жауынгерлік қызметке қайта оралды. Ұшқыш болуға жарамсыз болуы себепті, жердегі қызметке ауыстырылып, байланыс штабын басқарды.

Х.Доспанова жауынгерлік тапсырмамен шамамен 300 рет ұшып шыққан. Ол жау позицияларына жүздеген рейд жасап, әскери қоймалар мен көптеген атыс орындарын бомбылаған. Оңтүстік майданда, Солтүстік Кавказда, Күнгей Кавказда, Украина мен Белоруссияда өткен шайқастарға қатысқан.

Соғыстан ІІ топтағы мүгедек болып оралған батыр қызға, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Ұқсас: Мәншүк Мәметова туралы мәлімет