Естен тану кезіндегі алғашқы медициналық көмек

Бұл жағдайда – ми оттегілік аштықтан зардап шегеді, сондықтан жәбірленушіге тез арада көмектесу керек.

Естен тану бас айналудан, жүрек айнудан, көздің қараңғылануынан, құлақ зыңылдауынан және аяқтың әлсізденуінен басталады. Егер осындай белгілерді сезінсеңіз, аяқтарыңызды басыңыздан және денеңізден жоғары қойып жату ұсынылады.

Себептері:

қорқыныш;

жүктілік;

эмоционалды стресс;

ыстық өту;

улану;

қан кету;

дене күйінің күрт өзгеруі.

Алғашқы жәрдем ережелері

  1. егер сіз құлап бара жатқан адамды көрсеңіз, оны ұстап қалуға тырысыңыз, себебі, ол бас жарақатын алуы мүмкін;
  2. зардап шегушіні арқасымен тегіс жерге жатқызып, аяқтарын сәл көтеріп қойыңыз (аяқ астына жастық, сөмке, көрпе және т.б. заттарды қоюға болады). Осылайша, дененің төменгі бөлігіндегі қан, миға жеткізіледі;
  3. егер естен тану себебі ыстық өту болса, зардап шегушіні көлеңкелі, салқын жерге апарыңыз;
  4. науқасты таза ауамен қамтамасыз етіңіз. Киімінің түймелерін ағытып, галстукты, белдікті және т.б. шешіп тастаңыз;
  5. науқастың жоғарғы тыныс алу жолдарының құсықпен бітелуіне жол бермеу үшін, оның басын бұрып қою қажет;
  6. мойынға екі саусағыңызды тигізіп, пульсті тексеріңіз. Пульсті сезсеңіз, жәбірленушіні есіне келтіру үшін әрекеттер жасаңыз: құлақтарды, шекелерді, саусақтарды ысқылап, бетіне су себіңіз. Мақтаға матырылған мүсәтір спиртті науқастың мұрнына  апарыңыз (1-2 см қашықтықта). Балаларға иіскетпеңіз!;
  7. егер оның тынысы мен пульсі тоқтап қалса, онда жүрек-өкпе реанимациясын бастаңыз.

Тыйым салынады

  • құлап жатқан адамды көтермеңіз. Өйткені, қан дененің төменгі бөлігінде жиналып, ми гипоксиядан зардап шегеді;
  • естен танудың нақты себебі анықталмағанша,  адамға дәрі-дәрмек бермеңіз;
  • пульс бар болса, жүрек массажын жасамаңыз;
  • мүсәтір спиртін мұрынға тамызбаңыз және қатты жақындатпаңыз;
  • жедел жәрдемге келгенше, зардап шегушіні жалғыз қалдырмаңыз.

Ұқсас: Қан кету кезіндегі алғашқы медициналық көмек