Дұрыс тамақтану туралы тәрбие сағаты

Мақсаты: фаст-фуд тағамдарының денсаулыққа тигізетін зияның түсіндіру; салауатты тамақтану ережелерін үйрету.

Әдісі: әңгіме.

Қолданылған құралдар: оқушыларға арналған мәзір (ақ парақта), жадынама.

Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі

– Біздің денсаулығымызға көптеген факторлар әсер етеді. Олардың ең негізгілері: экология, еңбек пен демалыс тәртібі, дене шынықтыру және дұрыс тамақтану. Бүгінгі сабағымыз соңғы факторға арналған. Себебі, адамның денсаулығы – оның салауатты тамақтануына тікелей байланысты.

Мәзір таңдау

– Өздеріңізді мейрамханада отырғандай елестетіңіздер. Даяршы сіздерге мәзір алып келді. Түскі асыңызға қандай тағамдарды таңдайсыздар? Мәзірдегі тағамдар: компот, қытырлақ картоп (чипсы), етті көже, кока-кола, бургер, тұшпара, жемістер, шоколад, бауырсақ, колбаса, көкөніс салаты.

– Кейбір оқушылар салауатты өмір салтына сәйкес келмейтін тағамдарды таңдапты. Сондықтан, дәрігер-диетологтардың пікіріне сүйене отырып, сіздерге әлемдегі ең зиянды 5 тағам жайлы айтып берейін.

  • Газдалған тәтті сусындар (Кола). Мұндай сусындардың құрамында қанттың мөлшері өте көп, 1 литрға шамамен 25-30 қасық қант қосылады! Нәтижесінде, семіздік және жүрек-қан тамырлары аурулары пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, газдалған сусындар денедегі кальцийдің мөлшерін азайтып, сүйектердің сынғыштығына әкеліп соғады.
  • Чипсы. Құрамындағы зиянды заттар асқазан-ішек жолдарының жұмысын бұзады. Тәжірибе барысында, қытырлақ картопқа майдың, крахмалдың және тұздың көп мөлшерде қосылатыны анықталды. Бұл астмаға, қант диабетіне және сүйектердің дұрыс жетілмеуіне әкеледі.
  • Бургер. Кез келген жылдам тағамның ең қауіпті компоненті – ол майлар. Өйткені, олар табиғи емес, химиялық жолмен өнделіп, артық салмақтың қосылуына септігін тигізеді. Ал, құрамындағы иіс пен дәм күшейткіштердің кесірінен адамға үй тамағы дәмсіз болып сезіліп, фаст-фуд өнімдеріне тәуелділік туады. Сондықтан, мұндай тағамдардан бас тартуға кеңес беріледі.
  • Колбаса. Бұл тағамнан – бірінші кезекте ас қорыту жүйесі зақымдалады. Оның құрамында қатерлі ісіктің дамуын тудыратын канцерогенді заттар бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шұжық пен шұжықша (сосиска) өнімдерін мәзірден толығымен алып тастауды ұсынады.
  • Шоколад. Бұл жоғары калориялы өнім. Денеде майдың жиналуына әсер етіп, жүрек-тамыр аурулары, ентігу және гипертонияның басталуына себепкер болады. Құрамында кофеин болғандықтан, ол тахикардияға, мазасыз ауытқуларға және жоғары қан қысымына әкелуі мүмкін.

– Келесі тапсырмада, пайдалы және зиянды өнімдерді анықтап, тақтадағы кестені толтырайық.

Пайдалы

Зиянды

БалықМайонез
АлмаКока-кола
БалФри
СәбізХот-дог
Жұмыртқаколбаса

Тамақтану ережелері туралы жадынама

  1. Алдымен қолыңызды сабындап жуыңыз.
  2. Таңғы асты өткізбей, міндетті түрде ішіңіз.
  3. Қуырылған, тұзды және ащы тағамдарды көп жемеңіз.
  4. Мәзіріңізге көкөністер мен жемістерді қосыңыз.
  5. Дастарқан басында сөйлеспеңіз және телефонды қолданбаңыз.
  6. Тамақты асықпай, жақсылап шайнап жұтыңыз.
  7. Кешкі асты ұйықтар алдында кемінде 2 сағат бұрын ішу қажет.
  8. Артық тамақтанбаңыз.
  9. Тәттіні азайтыңыз.

Дені саудың – жаны сау

дейді халық мәтелі.

Сондықтан да балалар

Сақтайық осы мәнерді!

Ұқсас: Қалай дұрыс тамақтану керек?