Дунай өзені туралы мәлімет

Дунай (ежелгі атауы Истр) – Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ең ірі өзен. Бұл өзен 10 елдің аумағы арқылы ағып өтіп,  (Германия, Австрия, Словакия, Венгрия, Хорватия, Сербия, Болгария, Румыния, Молдова, Украина) Қара теңізге құйылады.

Өзеннің жалпы ауданы 817 мың км², ал ұзындығы 2850 км. Ені 1-2 км, орташа тереңдігі 5-7 м. Ол Шварцвальд тауының шығыс беткейлерінен бастау алатын Бреге және Бригах өзендерінің қосылысуынан пайда болады. Физикалық, географиялық және геологиялық ерекшеліктеріне байланысты үш бөлікке бөлінеді: жоғарғы, ортаңғы және төменгі. Дунайдың 300-ден астам саласы бар. Ең ірілері: Тиса, Прут, Сава, Сирет және Драва.

Дунай – кеме жүретін өзен. Ол Қара және Солтүстік теңіздерді байланыстырып тұрған жалпықұрлықтық көлік магистралі болып табылады. Өзен заманауи шлюздар жүйесімен жабдықталған, сондықтан, мұнда үлкен кемелерге жүзуге жағдай жасалған.

Өзенде балық аулау кәсібі жақсы дамыған: мұнда 60-тан астам балық түрлері кездеседі. Олар: ақсерке, бекіре, шоқыр, майшабақ, сазан, ақтабан, балпанбалық, шортан, көксерке, қызылқанат, мөңке және т.б. Бірақ, өзенді қарқынды түрде пайдалану экологиялық тепе-теңдікті бұзып, Дунайдағы балықтардың санын айтарлықтай азайтты.

Өндірістік кәсіпорындардың ағындары өзен суының нашарлауына әсер етуде. Соңғы уақытта, Дунай өзені ауыр металдардың, мұнай өнімдерінің, азот пен фосфор қосылыстарының және түрлі органикалық заттардың кесірінен ластанып жатыр. Ол еріген тау қарларымен, жауын-шашынмен және жер асты суларымен қоректенеді. Қысқы мерзімде 1,5-2 айға дейін ғана қатады.

Ұқсас: Амазонка өзені туралы мәлімет