Амазонка өзені туралы мәлімет

Үндістер Амазонды «өзендердің патшайымы» деп атайды. Бұл өзен осы атаққа толығымен лайық.

g

Мамандардың пікірінше, өзеннің жасы — 9 миллион жыл. Жалпы ауданы — жеті миллион шаршы шақырымнан асады. Оның аумағына Австралия немесе АҚШ сияқты елдерді орналастыруға болады. Ені — 200 км, ал тереңдігі — 100 метрге дейін жетеді. 5 мемлекеттің аумағынан ағып өтеді.

Егер, Нілді әлемдегі ең ұзын өзен деп санайтын болсаңыз, қатты қателесесіз. 1995 жылғы халықаралық зерттеулер кезінде, Амазон өзені Нілден 300 километрге ұзын екендігі анықталды.  Сондай-ақ, Амазонда жер бетіндегі ең үлкен өзен аралы орналасқан. Ол Маражо деп аталады (48000 км²).

Амазонға алғашқы саяхатты — 1842 жылы испан конкистадоры Франсиско Орельяна жасады. Жүзу сапары кезінде крокодил, анаконда, пиранья және акулаларды кездестірген  испандықтарға, бұл экспедиция қаншалықты ауыр болғанын тіпті елестету қиын. Олар саяхат барысында, жергілікті үндістермен соғысуға мәжбүр болды. Осындай бір шайқас кезінде, садақтармен қаруланған жартылай жалаңаш әйелдерді көрген еуропалықтар, олардың ерлігіне таң қалды. Бұл әйелдер ежелгі аңыздағы «амазонкаларға» ұқсағандықтан, өзенге «Амазонка» деген атау берілді.

Өзенде 2000-ға жуық балық түрі тіршілік етеді. Ең үлкені пираруку деп аталады. Оның салмағы 200 кг. Сонымен қатар, адамды 300 вольтпен соғып өлтіретін жыланбалықты да жиі кездестіруге болады. Бірақ, ең қорқыныштысы — ол әрине пиранья (бөрібалық). Бұл жыртқыш балық өзінің агрессивтілігімен ерекшеленеді. Олар бірнеше минуттың ішінде, сиырды толығымен жеп қойып, қаңқасын ғана қалдырады.

Анаконда — Амазон өзенінің патшасы. Бұл жылан — көптеген қорқынышты фильмдердің басты кейіпкері болған. Оның ұзындығы — 7 метрге дейін жетеді. Ол өз олжасын қатты қысып өлтіріп, содан соң толығымен жұтып қояды.

Кейбір мәліметтер бойынша, судың молдығы жағынан әлемде бірінші орын алады. Бір тәулікте, Атлант мұхитын 19 текше шақырым сумен толықтырады. Бұндай мөлшермен, Нью-Йоркты 12 жылға сумен қамтамасыз етуге болатын еді.

Амазонка бассейні — атмосфераны оттегімен қамтамасыз ететін ең үлкен тропикалық ормандардың бірі. Оны «планетаның жасыл өкпесі» деп атайды. Орманның флорасы мен фаунасы өте бай. Дегенмен, осы жерге саяхат жасайтын болсаңыз, қауіпсіздік туралы ұмытпағаныңыз жөн. Себебі, бұл аймақ — қаншалықты әдемі болса, соншалықты қауіпті.

Ұқсас: Ніл өзені туралы қызықты мәліметтер