Бейбітшілік және келісім сарайы туралы мәлімет
Бейбітшілік және келісім сарайын атақты сәулетші Норман Фостер салған. Бұл ғимарат — достықтың, бірлік пен татулықтың символы.
Пирамида тәріздес төртқырлы ғимарат 2006 жылы 2 қыркүйекте Астана қаласында ашылды. Ауданы 25,5 мың м², ұзындығы мен биіктігі тең — 62 метр. Мұнда түрлі саяси іс-шаралар, діни съездер және тіпті үйлену тойлары да өтеді. Астана пирамидасы Есілдің екі жағалауынан да жақсы көрінеді.
Ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы, ұлтаралық және конфессияаралық келісім орталығы, мұражай, университет, көрме және мәжіліс залдары бар. Сонымен қатар, 1500 көрерменге арналған опера залында жиі концерттер өткізіледі, әлемдік опера жұлдызы Монсеррат Кабальенің өзі өнер көрсеткен. Сахна жанында 80 музыкантқа арналған тереңдігі 2,8 метр оркестрлік шұңқыр бар.
«Атриум» залы — Бейбітшілік және келісім сарайының ең үлкен бөлмесі. Ол төрт галереядан тұрады, жалпы ауданы 2000 шаршы метрден асады. «Бесік» залы сарайдың ең жоғарғы жағында орналасқан. Оған лифт немесе мәрмәр сатылар арқылы көтерілуге болады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының дүниежүзілік екінші съезі осында өткен.
Пирамиданың алтыншы қабаты «Құланшы» заманауи өнер орталығына тиесілі. Залда қазақстандық және шетелдік суретшілердің туындыларының көрмесі ұйымдастырылған. Үстіңгі бөлігі витраж түрінде жасалынып, 130 көгершіннің суреті бейнеленген, бұл Қазақстан Республикасының аумағында тұратын барлық ұлттардың саны.