Батыс Рим империясы неліктен құлады?

Феодосий I (379-395) біртұтас Рим империясын басқарған соңғы император. Ол қайтыс болар алдында, мемлекеттің батыс бөлігін ұлы Гонорийге, ал шығыс бөлігін Аркадийге қалдырды. Екі империяның арасындағы қақтығыстар пен варвар тайпаларының шабуылдары, Батыс Римнің құлауына әсер етті.

Негізгі оқиғалар

401 жылы Аларих бастаған вестготтар, Батыс Римге басып кіргенімен, римдіктер мықты тойтарыс берді. Алайда, 410 жылы варварлар қайта шабуыл жасады. Бұл жолы Рим әскері жеңіліске ұшырап, басқыншылар қаланы 3 күн бойы тонады. Ал, басқа герман тайпалары Испания, Галлия және Африканы Римнен тартып алды.

Империяға қауіп төндірген келесі қорқынышты күш – ғұн тайпалары. 451 жылы Аттила басқарған тайпалар Рейннен өтіп, Батыс Римге қарай бағытталды. Каталаун даласындағы шайқаста екі үлкен әскер кездесті. Бұл ұрыста ғұн тайпалары шегінуге мәжбүр болып, римдіктер жеңіске жетті. 452 жылы Италияға екінші рет шабуыл жасалғанымен, Аттиланың кенеттен қайтыс болуы, империяны ғұндардан сақтап қалды.

455 жылдың маусымында Вандал патшасы Гейзерих Римдегі дүрбелеңді пайдаланып, қаланы ұрыссыз басып алды. Мыңдаған адам тұтқынға алынып, көптеген құнды заттар ұрланды. Вандалдар Сицилия, Сардиния және Корсика жерлерін өз  патшалығына қосты. Осылайша, Батыс Рим империясының қарамағында тек Италия ғана қалды.

Батыс Рим империясы 476 жылы құлады. Герман тайпаларының қолбасшыларының бірі – Одоакр, император Ромул Августты тақтан түсіріп, билікті өз қолына алды.

Батыс Римнің ыдырау себептері

Бұл мемлекеттің күйреуі Антика дәуірінің аяқталып, орта ғасыр дәуірінің басталуын белгілейді. Империяның құлауына көптеген себептер әсер етті. Олар:

III ғасырдың ортасында, халықтардың ұлы қоныс аударуы деп аталатын кезең басталды. Көшпелі тайпалар батысқа қарай жылжып, нәтижесінде Рим империясының аумағына варварлардың шабуылдары жиілей түсті. Император Константин мемлекетті сақтап қалу мақсатында империяның астанасын Константинопольге көшіргендіктен, Римнің батыс бөлігі әлсіреп қалып, түрлі тайпалардың басқыншылық әрекеттерінен зардап шегіп отырды.

IV ғасырда Рим империясының экономикалық негізі болып саналған құл иеленушілік құрылыстың ыдырауы орын алды. Құлдар мен шаруалардың тұрмысы нашарлаған кезде, жағдай күрделене түсті. Олардың наразылығы империяның әртүрлі бөліктерінде басталған көтерілістерге әкелді.

Билікке саяси күші, беделі мен көрегендігі жоқ императорлар келіп, жиі ауысып отырды. Олар империяның проблемаларына немқұрайлы қарап, әскери тәртіптің бұзылуына ықпал етті. Сондай-ақ, билік өкілдері арасында бөгде ұлттардың адамдары көбейгендіктен, патриоттық идея толығымен жойылды.

Жергілікті тұрғындардың едәуір бөлігі, мәдениеті мен идеологиясы дамымаған варвар тайпаларының өкілдерінен құралды.

Ұқсас: Спартак бастаған құлдар көтерілісі