Барыс туралы қысқаша мәлімет

Қар барысы немес Ірбіс – биік тауларда өмір сүретін жалғыз үлкен мысық. Көптеген азия халықтары үшін бұл жануар күштің, тектіліктің және биліктің символы болып табылады.

Ол мөлшері мен сыртқы бейнесі бойынша леопардқа ұқсас. Бұл мысықтардың басы кішкентай, құлақтары қысқа, аузында 30 өткір және мықты тістері бар. Құйрығы үлпілдеген және ұзын, ол секіру кезінде тепе-теңдік сақтауға көмектеседі. Көру, иіс сезу және есту қабілеттері жақсы дамыған. Ересек барыстың денесінің ұзындығы 112-130 см, құйрығының ұзындығы 80-105 см, ал салмағы 25-55 кг құрайды.

Қазақстанда қар барысын Тянь-Шань тауларында, атап айтқанда Өгем жотасында, Талас Алатауында, Іле және Жоңғар Алатауында, сондай-ақ елдің шығысында орналасқан Тарбағатай, Сауыр жоталарында және Оңтүстік Алтайда кездестіруге болады.

Қар барысы аң аулауға жалғыз шығады. Өз құрбанына тұтқиылдан шабуыл жасағанды ұнатады. Ірі тұяқтыларды тамақтан тістеп, мойнын сындыру арқылы өлтіреді. Ересек жыртқыш бір дегенде 2-3 кг ет жеп қоюы мүмкін. Барыстың мәзірінде тау ешкілері, маралдар, арқарлар, суырлар, қояндар және тышқан тәріздес кеміргіштер бар.

ΧΧ ғасырда бұл жыртқыштарды аулауға рұқсат етілген. Тіпті, осы үшін ақы төленген. Бұл мысықтардың терісінен тігілген киімдер бір кездері сән әлемінде өте танымал болған. Нәтижесінде, ірбістердің саны күрт азайып, оларды сақтап қалу үшін шаралар қолданыла бастады. Қазіргі уақытта, қар барысы Халықаралық Қызыл кітапқа енген. Оны аулауға бүкіл әлемде тыйым салынған. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының мәліметі бойынша, табиғатта шамамен 7,5 мың барыс бар, ал тағы 2 мыңға жуығы хайуанаттар бағында тіршілік етеді.

Ұқсас: Жолбарыс туралы қызықты мәліметтер