Қасым хан туралы мәлімет

Қасым – Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі Жәнібек ханның ұлы. Ол қазақ даласының ұлан-ғайыр жеріне өз билігін орната білді. Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін тұңғыш рет қазақтың барлық ру-тайпаларының басы осы кезеңде біріктірілді.

Қасым мен Бұрындық арасындағы шиеленістің тарихы ерекше. Екеуі жағдайды ушықтырмау үшін бір-бірінен аулақ жүруге тырысты. Уақыт өте келе, беделі мен ықпалын жоғалтқан Бұрындық билікті тастап, Самарқан қаласына жер аударуға мәжбүр болды. 1510 жылы Қасым хан Қазақ хандығының билеушісі болып жарияланды.

Таққа отырған Қасым өзінің бар күшін мемлекеттің жерін кеңейтіп, нығайтуға бағыттады. Сыр бойындағы қалаларды басып алу үшін Шайбанидтерге қарсы күресті бастап, көп ұзамай Сырдарияның оңтүстігіндегі Сайрам қаласын өз патшалығына қосып алды. Қазақ хандығының саяси ықпалы күшейіп, мықты және орталықтандырылған мемлекетке айналды. Басында хандықтың саяси, әкімшілік және сауда-экономикалық орталығы Сығанақ қаласы болған. Кейін елдің астанасы Түркістанға ауыстырылды.

Қазақстанның қазіргі аумағы Қасым хан тұсында қалыптаса бастады. Хандықтың оңтүстіктегі шекарасы Сырдария мен Түркістан облыстарын қамтыды. Оңтүстік-шығыста Жетісудың едәуір бөлігі, Шу, Талас, Қаратал, Іле өзендерінің аңғарлары қосылды. Солтүстіктегі шекарасы Ұлытау таулары мен Балқаш көліне дейін, ал солтүстік-батыста Жайық өзеніне дейін жақындады.

Тарихшылар ханның әскерінде 300 мың сарбаз болған деп хабарлайды. Ал, мемлекеттегі жалпы халық саны 1 миллионды құраған. Қасым хан 1518 жылы (басқа деректерде 1523–24) Сарайшық қаласында қайтыс болды.

Ұқсас: Абылай хан туралы мәлімет