Анардың пайдасы бар ма?

Қазіргі уақытта, иммундық жүйені нығайту өзекті мәселеге айналды. Дәріханаға жүгенбей, қажетті қоректік заттардың барлығын қарапайым жемістерден алуға болады. Мысалы, анардың құрамында көптеген пайдалы заттар бар, бұған оның ерекше құрамы себепші. Жемістің дәндері, шырыны және қабығы адамға қажетті микроэлеметтерге толы екен.

Анар — биіктігі 6 метрге дейін жететін бұта немесе ағаш. Бұл жемістер ірі, қызыл және шар тәрізді болып келеді. Қабығының астында көптеген тәтті дәндер бар. Шығыс халықтары анарды байлық пен молшылықтың символы ретінде санап, оны «барлық жемістердің патшасы» деп атайды.

Пайдасы

Жүрек-тамыр жүйесі үшін пайдалы. Ол қан тамырларын нығайтады, қан қысымын қалыпқа келтіреді және гемоглобин мен эритроциттердің белсенді синтезіне ықпал етеді. Аурудан немесе операциядан кейінгі әлсіздік кезінде, дәрігерлер осы жеміспен тамақтануға кеңес береді.

Дәндері B және С тобындағы көптеген дәрумендерге бай. Ал, қабығы калий, кальций, магний, темір, мырыш, марганец және хромға толы. Сонымен қатар, бұл жемістің құрамында ерте қартаюдан қорғайтын және қатерлі ісік қаупін азайтатын күшті антиоксиданттар бар.

Медицинада бұл өсімдіктің барлық бөліктері қолданылады. Жемістің көмегімен анемияны, диареяны және тері ауруларын емдеуге арналған әр түрлі дәрі-дәрмектер мен қайнатпалар дайындалады.

Оның құрамында шарап, шайыртас, лимон, алма, бор және қымыздық қышқылдары бар. Осы қышқылдардың арқасында анар тәбетті оятып, асқазанның ас қорытуын жеңілдетеді.

Анардың ішіндегі сүйектерді жеуге болады, бірақ, олар мүмкіндігінше жұмсақ болуы керек. Оның сүйектері ас қорыту жүйесі арқылы өту кезінде токсиндердің шығарылуына ықпал етеді.

Ұқсас: Лимонның пайдасы мен зияны