Алтынемел ұлттық саябағы туралы мәлімет
Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғи паркі — Іле өзені мен Жоңғар Алатауы тауларының арасында орналасқан. Бұл саябақ өзінің көптеген табиғи және тарихи ескерткіштерімен танымал.
1996 жылдың 10 сәуірінде құрылған саябақтың жалпы ауданы 500 мың гектардан асады. Парктің ландшафты алуан түрлі: таулы, құмды, шақпатасты, шөлді. Климаты шөлді, күрт континенттік, қысы суық, жазы ыстық. Қаңтарда орташа температура -8,5°С, ал шілдеде +26°С-ты құрайды.
«Саурайық барқан» деп аталатын дөн — ұлттық саябақтың ең көрікті жері. Оның ұзындығы 2-3 км, ал биіктігі 120 метрге жетеді. Батыстан жел соққан кезде, дөннен әуенді дыбыстар шығып, бірнеше шақырым қашықтыққа естіледі. Бұл құбылыстың себебі әлі күнге дейін жұмбақ болып қалуда.
Ақтау таулары кез-келген адамды таң қалдырады. Бұл борлы таулардың негізгі түсі ақ, бірақ көгілдір, қызғылт, қызыл және жасыл түстері де кездеседі. Археологтар бұл жерден динозавр сүйектерін тапқан. Жасы 25-30 миллионға жететін қолтырауындардың, тасбақалардың және т.б. жануарлардың қалдықтары бүгінгі күнге дейін табылуда. Тау жотасының басты ерекшелігі — мұнда өсімдіктер мүлдем өспейді.
Ұлттық парктің флорасы өсімдіктердің 1500 түрін қамтиды, оның 22 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Бөріқарақат, шөмішгүл, көкшолақ, іле сасыры сияқты сирек кездесетін өсімдіктерді атап өтуге болады.
Алтынемелде сүтқоректілердің 70-тен астам түрі тіршілік етеді, оның ішінде ақтөс сусар, шұбар күзен, Орта Азиялық кәмшат, Тянь-Шань тау қойы, қар барысы, қарақұйрық және құлан Қызыл кітапқа енген. Қарақұйрықтар (4000 бас) мен Сібір тауешкілерінің (1500 бас) ең көп популяциясы осы өңірде мекендейді.