Алматы мемлекеттік табиғи қорығы жайлы мәлімет

Алматы қорығы Талғар ауданының оңтүстік-батыс бөлігінде, Іле Алатауы жотасының орталық бөлігінде орналасқан.

Жалпы ауданы 71 700 гектарды құрайды. Солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзындығы 31 км, батыстан шығысқа қарай 34 км. Жотаның ең биік шыңы – Талғар шыңы (4978,8 метр). Қорықтың табиғаты алуан түрлі: дала, көгалдар, мұздықтар, қылқан жапырақты және аралас ормандар кез-келген адамды таң қалдырады. Аумағының 30%-ын мұздықтар алып жатыр, Талғар, Есік және Шілік өзендері осы жерден бастау алып, халықты сумен қамтамасыз етеді.

Өсімдіктің 970 түрі кездеседі. Тау етегіндегі жапырақты ормандар дәрілік өсімдіктерге бай. Мұнда долана, шүйгіншөп және сүйелшөп өседі. Сонымен қатар, қорықта улы өсімдіктердің 20-ға жуық түрі бар. Ең танымалы – жоңғар уқорғасыны. Ол өзен жағаларында, шөпті шалғындарда және шыршалы ормандарда кездеседі. Орталық жүйкеге, тыныс алу және жүрек-тамыр жүйесіне әсер етіп, адамды кенеттен өлтіреді. Ал, таспажапырақ күймесгүл деп аталатын өсімдікке қол тигізсеңіз, теріңізді күйдіріп жібереді.

Алматы қорығында жануарлардың 195 түрі тіркелген. Таулы және орманды аймақтарында қасқыр, қабан, кірпі, суыр, түлкі, елік және марал тіршілік етеді. Ірі жануарлардан ақ тырнақты аюын, қар барысын және тау ешкілерін атап өтуге болады. Құстарға келетін болсақ, бұл аймақта тауқарға, қоңырқұрсақ ұлар, қаршығареңді жапалақ, кекілік, балқарағай торғайы, бидайық және бүркіт мекендейді.

Оңтүстік Талғар шатқалында зерттеулер жүргізілетін ғылыми база орналасқан. Әкімшілік ғимаратында қорықтың флорасымен және фаунасымен танысуға арналған табиғат мұражайы қызмет жасайды.

Ұқсас: Наурызым қорығы жайлы мәлімет