Ахмет Байтұрсынов туралы мәлімет
Қазақ халқы оны «Ұлт ұстазы» деп атайды. Ахмет Байтұрсынұлы мұндай құрметті мәртебеге ғылыми және әдеби қызметі үшін ие болды.
Мемлекет қайраткері, аудармашы, ағартушы және түркітанушы — 1873 жылы қазіргі Қостанай облысының Жангелді ауданында дүниеге келген. Оның әкесі Байтұрсын, намысшыл және ержүрек адам болған. Патша үкіметінің озбырлығына қарсы шығып, 1885 жылы уезд бастығының басын бұзғаны үшін 15 жылға сотталды. Нәтижесінде, Ахметтің туыстары мен ауылдастары қуғын-сүргінге ұшырап, бұл жағдай болашақ саясаткердің өмірлік көзқарасына қатты әсер етті.
Торғай училищесін бітірген соң, Орынбордағы мұғалімдер семинариясына оқуға түсті. Ұстаздық қызметін 1895 жылы бастап, Қазақстанның әртүрлі қалаларында орыс-қазақ мектептерінде сабақ берді.
Байтұрсыновтың белсенді саяси қызметі 1905 жылы басталды. Ә.Бөкейхан және М.Дулатов сияқты қазақтың зиялыларымен бірігіп, 14 мың адам қол қойған петиция арқылы, патша билігінен саяси бостандықты талап етті. Осы әрекеттері үшін Семей түрмесіне қамалып, Орынборға жер аударылды.
Ол — қазақтың алғашқы әліпбиінің авторы. Қазақ тілін реформалаудың арқасында, ана тіліміз оқушылар үшін түсінікті және қол жетімді болып, халықтың сауаттылығы артты. Оны жетілдіру мақсатында морфология, грамматика және фонетика бойынша көптеген әдістемелік еңбектер жазған. Өз кітаптарында, ұлтымызды надандықтан, жалқаулықтан және немқұрайлықтан арылуға шақырды. Абай Құнанбаевтың жолын жалғастырып, қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтере алды.
1913-1918 жылдар аралығында, «Қазақ» деп аталатын жалғыз ұлттық газеттін редакторы болды. Бұл газеттің беттерінде, «Алаш» конституциялық-демократиялық партиясының негізгі идеялары туралы мақалалар жазылған. Осы партияның авторы және жетекшісі ретінде, 1917 жылғы құрылтайда «Алаш-Орда» автономиясын жариялады. Бірақ, большевиктерге қарсы тұру мүмкін емес екендігін түсінген Ахмет, олардың берген уәделеріне сеніп, РКП құрамына кірді. Көптеген лауазымдарда жұмыс атқарып, әрдайым өз халқының мүддесін қорғап отырды. Алайда, 1921 жылы антисоветтік қызметі үшін Коммунистік партиядан шығарылып, саясаттан кетті.
1929 жылы Алматы қаласында тұтқынға алынды. Қазақстанның Ресейден бөліну жоспарын іске асыру мақсатында, 1926 жылы Бакуде шетелдік ғалымдармен кездесіп, Мұстафа Шоқаевпен байланыс орнатуға тырысты деген жалған айып тағылды. Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жіберіліп, үкіметке қарсы қарулы көтеріліс дайындағаны үшін өлім жазасына кесілді. Бұл мәселеге Максим Горький араласып, 1934 жылы түрмеден босатылды. Дегенмен, 1937 жылы репрессияның жаңа толқыны басталып, бір жылдан кейін «халық жауы» ретінде атып тасталды.